352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда қабырғасы қақыраған көпқабатты үйдің сапасын арнайы комиссия тексереді

  • 148

Қостанайдағы көпқабатты жаңа үйдің қабырғасы қақырап тұр.  

60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын жай жыл аяғында пайдалануға берілуі тиіс еді. Қазір сараптама қорытындысы шыққанша барлық жұмыстар тоқтатылған. Ал көпқабатты үйді тұрғызған мердігер компания өкілдерінің өз уәжі бар.

«Юбилейный» шағынауданында 3 жылдың ішінде 47 көпқабатты үй салынуы тиіс. Ал мына сапасы сыр берген үйді мердігер мамыр айында тұрғызған болатын. Маусым айында су жаңа нысанның қабырғасы қақырай бастады. Қазір қауіпсіздік үшін үйдің айналасын қоршап қойған. Ішіне кіруге тыйым салыныпты. Себебі, қабырғасы кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Мердігерлер іргетастың босауына жер асты суының көтерілуі себеп деген уәж айтады.

Данияр Дамбаулов, прораб:

- Жер асты сулары көтеріліп жатыр. Осы ауданда құрылыс қарқын алғаннан кейін, судың тез көтерілгенін байқадық. Топырақ жібіп, үйдің іргетасы сыр берді. Біз барлық жұмысты өндіріс жобасына сай жасадық. Ешқандай талап бұзушылық болған жоқ.

Тапсырылмай жатып құлағалы тұрған үйдің сапасын арнайы құрылған комиссия тексереді. Қазір нысанда техникалық зерттеу жүріп жатыр.

Алмат Досымхан, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Комиссия тиісті қорытынды шығарғаннан кейін, құрылысы аяқталмаған нысанға қатысты іс-шаралар жоспары жасалады. Сараптама жұмыстарының нәтижесін күтеміз. Сол кезде белгілі болады.

Одан бөлек бұл нысанда геологиялық зерттеу жұмыстары қатар жүреді. Яғни топырақтың өзгеруіне не себеп болғаны анықталады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг, Сергей Хаймин

Хабар 24 телеарнасы