361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сырбойылықтар ауылдағы мектеп құрылысына алаңдаулы

  • 116

Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданына қарасты Аққұм ауылының оқушылары жаңа оқу жылын тағы да ескі мектепте бастауы мүмкін.

Өйткені биыл маусым айында іргетасы қаланған жаңа оқу ошағының құрылысы қыркүйектің 1-іне дейін аяқталмайтын түрі бар. Осылай деп алаңдаған ауылдықтар ескі білім ұясын жөндеуге кірісіп кетті. Бірақ биыл мектепке қабылданатын оқушылар саны жылдағыдан көп болмақ.

Аққұм ауылында бұған дейін типтік үлгідегі мектеп болмаған. Ал мына оқу ошағы кезінде ауыл тұрғындарының күшімен асарлатып салынған. Одан бері 17 жыл өтті. Соңғы жылдары ауыл халқы айтарлықтай көбейді. Ата-аналар да балаларының талапқа сай мектепте сапалы білім алғанын қалайды.

Гүлзира Төлепова, Аққұм ауылының тұрғыны:

- Қыркүйек айы басталайын деп қалды. Біз балаларымыздың жаңа мектепте оқығанын қалар едік. Қазір заман ағымына қарай ертерек бітіріп, жақсы мектепте оқыса деп жүрміз.

9 жылдық білім беретін 9 бөлмелі мектепте спорт, акт залы, еңбекке баулу кабинеттері мен асхана жоқ. Сондықтан болар, ұстаздар қауымы да жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алғысы келеді.

Жиренбай Жанасбаев, Аққұм ауылдық №221 мектеп директоры:

- Осы оқу жылының өзінде 135 оқушыдай болады. 1 тамыздан бастап мектептің техқызметкерлері бірігіп мектептің жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ескі мектептің кеткен жерлерін сылап, түгел ішін сүртіп, тазалап дегендей. 1 қыркүйекке оқушыларды қабылдауға дайындап жатырмыз.

Ауылдықтардың асыға күткен мектебі жоба бойынша жыл соңына қарай пайдалануға берілуі тиіс. Бірақ оқушылардың мектепке деген мұқтаждығын ескерген мамандар Білім күніне дейін құрылысты аяқтауға күш салуда.

Тұрарбек Өмірбеков, Жаңақорған аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

- Былтыр үш мектептің құрылысы басталған. Түгіскен ауылындағы 300 орындық №256 мектеп, Жаңақорған кентіндегі 300 орындық №56 мектеп. Сосын Аққұм ауылындағы 100 орындық мектеп. Соның үшеуі де осы жылдың қыркүйек айына пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ол үшеуінің де тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс басқармасы.

Мамандар 100 орындық мектеп құрылысының бүгінде 80 пайызы аяқталғанын айтады. Енді ішкі әрлеу жұмыстарына кіріспек.   

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы