352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін дамыту үшін Астана декларациясы қабылданды

  • 147

Бейбітшілік – баға жетпес байлық.

Айтпақшы, осы ауған әйелдерінің мәселесі бүгін Астанада да кеңінен талқыланды. Өңірлік конференцияда түйткілді тақырып тереңінен қозғалып, тығырықтан шығудың жолдары қарастырылды.

Әйел адам отбасы, ошақ қасынан ұзап шықпауы тиіс. Өкінішке қарай, Ауғанстан азаматтарының басым бөлігі осындай көзқарасты ұстанады. Ел халқының 48,8 пайызын нәзікжандылар құраса, олардың тек 12 пайызы ғана кітап оқып, жаза алады екен. Әрине, мұндай деректерді 21 ғасырда айтудың өзі ұят. Соғыстан көз ашпаған елдің азаматшаларына Қазақстан тарапы қолдау көрсетіп, білім гранттарын бөлу үшін 50 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы қарастырды.

Нуне Саркисян, Арменияның Бірінші ханымы:

- Нұрсұлтан Назарбаевтың жасап жатқан жобасы өте керемет. Қазақстан тарапы Орталық Азиядағы елдерге әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Қазір ауған жастары қазақ жерінде журналистика, құқық, инженер, мұғалім және медицина бағыты бойынша білім алуда. Сондай-ақ бұл жастарға Түркия, Пәкістан, Үндістан және Ресей елдері де грант бөлуді бастады.

Алайда жоғары білімі бар азаматшалар елге оралғаннан кейін жұмыссыздық мәселесіне тап болады. Әлемдегі ең кедей елдердің бірі саналатын Ауғанстанда нәзікжандылар үшін екі қолға бір күрек табу қиын жағдай. Арменияның Бірінші ханымы Нуне Саркисяннің айтуынша, осы мәселенің шешімін табу үшін әйелдер кәсіпкерлігін дамыту керек.

Камила Сидики, Ауғанстандағы индустрия және сауда министрінің орынбасары:

- Біз әйелдер қауымына мүмкіндік беруіміз керек. Олар кез келген саланы меңгеріп, жоғары деңгейде жұмыс істей алатынын көрсетуі тиіс. Осы сөзіме өзімді дәлер ретінде айта аламын. Кезінде мен де шағын кәсіппен айналысқан едім. Маған билік өкілдері сенім артты, соның арқасында осындай дәрежеге жеттім.

Былтыр әйелдер өмірі үшін ең қолайлы және қолайсыз елдердің рейтингісі жарияланды. Үздіктер қатарында Исландия, Норвегия, және Швейцария көш бастады. Ал, керісінше, нәзікжандылар үшін қолайсыз мемлекеттер тізімінде Йемен, Ауғанстан және Сирия бар.

Енді бүгінгі жиын қорытындысы бойынша, Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін дамыту бағытындағы Астана декларациясы қабылданды. Бұл құжат арулардың білім алып, заман ағымына сай алға қадам басуына мүмкіндік бермек.

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы