352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем чемпионаты: Мәскеуге 20 елдің басшылары келеді

  • 220

Мәскеуде өтетін футболдан әлем чемпионатының ашылу салтанатына 20 елдің басшылары келеді.

Бұл туралы чемпионатты ұйымдастыру комитеті мәлімдеді. Мундиальдің ашылуына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та барады. Қазірдің өзінде Ресейге Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Руанда басшысы Поль Кагаме, Ливанның премьер-министрі Саад Харири және мыңдаған жанкүйер келіп те қойды.

Әлем чемпионатының ашылуына бір күн қалғанда Мәскеу футболдың ғаламдық астанасына айналғандай. Манеж алаңында әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлерді көруге болады. Себебі дәл осы алаң жанкүйерлер бас қосатын орталыққа айналды. Иран, Сауд Арабиясы, Бразилия, Аргентина, Перу және Мысырдан келген халықтың қуанышы мен түрлі тілдегі әуендері қосарласа естіліп жатыр.

Айта кету керек, Ресей мемлекеті жанкүйерлер үшін барлық жағдайды жасауға тырысқан. Мысалы, Fan ID-куәлігі бар фанаттар ойындар өтетін алаңдар мен қалалар арасында тегін қатынай алады. Сондай-ақ бірнеше мыңдаған волонтер қызмет етуде. Бір ғана Мәскеудің өзінде 600-ге жуық экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылған. Сондай-ақ Ресей бірнеше жыл бойы арнайы мундиальға жолдар, стадиондар, әуежайлар сынды ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізді.

Әлем чемпионатының ашылу рәсімі 14 маусым күні «Лужники» стадионында өтеді. Ресми шарадан соң Ресей мен Сауд Арабиясының ойыншылары өзара тартысқа түседі.   

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы