359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем чемпионаты: Жапония мен Сенегал тең тарқасты

  • 153
Әлем чемпионаты: Жапония мен Сенегал тең тарқасты Устинка LIVE

Екатеринбург қаласында әлем чемпионатының Н тобында Жапония мен Сенегал командалары жасыл алаңға шықты.

Бірінші турда қарсыластарын тізе бүктіріп, үш ұпайға ие болған қос құрама үшін бұл кездесу де маңызды еді, деп жазады ҚазАқпарат. Сондықтан олардың плей-офф ойындарына берілетін жолдама үшін барын салатыны анық еді. Өйткені бұл топтағы Польша мен Колумбия мықты командалар санатында.

Ойын сенегалдықтардың қарқынды шабуылдарымен басталды. Сенегалдық футболшылардың техникалық шеберлігі жоғары екендігі көрініп тұрды. Жапон қақпашысы Кавасима 11-минутта Сабалидің соққысынан кейін допты қайтарамын деп Сенегал капитаны, Англияның «Ливерпуль» клубында биыл жасындай жарқылдаған Садио Маненің аяғына салып берді, Мане болса мұндай мүмкіндікті тиімді пайдаланды – 1:0.

Жапония құрамасы таразы басын теңестіруге тырысып бақты. Сөйтіп 34-минутта дегендеріне жетті. Нагатомо алыстан берілген допты әдемі тоқтатып, Инуиға сырғытты. Такаси қақпа бұрышын дәл көздеді – 1:1.

Бес минуттан кейін оң қанаттан жекедара суырылып шыққан Ньянгтың соққысын Кавасима қайтара білді. Екінші тайм да Сенегалдың шабуылдарымен басталғанымен, жапондар да қарап қалған жоқ. Бірнеше рет қақпаға қауіп төндірді. Әсіресе 64-минутта Осаканың өкшемен берген пасынан кейін Инуи тепкен доп қақпа маңдайшасына тиіп, асып кетті. Осылайша жапондықтардың батырына айнала жаздаған Инуи арада үш минут өткенде, айып алаңына таман сенегалдық Сарды шалып жығып, ескерту алып қалды. 71-минутта Сенегал әдемі комбинациядан кейін гол соғып, тағы алға шықты. Қорғаушы Сабали сол қанаттан айып алаңына кіре беріп, допты асырды. Ньянг оны тағы бір қорғаушы Мусса Вагеге сырғытты. Ваге шірене тепті – 2:1. Бұдан кейін жапондар алға ұмтылды.

78-минутта сенегалдық қорғаушылардың қателігінен кейін Инуидан келген допты алаңға тыңнан қосылған, бұрын Мәскеудің ЦСКА командасында өнер көрсеткен Кэйсукэ Хонда бос қалған қақпаға сүңгіте салды – 2:2. Бұл жерде ойыншыларды дер кезінде алмастырған жапондық бапкер Акиро Нисиноның тактикасы өз жемісін берді. Осылайша керемет ойын өрнегін көрсетіп, тең тарқасқан қос құраманың да еншісінде 4 ұпайдан бар. Бұл – Н тобында жолдама үшін тартыс одан сайын қыза түсті деген сөз.

Еске сала кетейік, Н тобында бүгін түнде Қазан қаласында Польша – Колумбия жеңіс үшін жан алып, жан беріскен бәсекеге түседі. Өйткені әзірге бірде-бір ұпайға қол жеткізбеген олардың шегінер жері жоқ. Соңғы турда 28 маусым күні Волгоградта Жапония – Польша, Самарада Сенегал – Колумбия құрамалары өзара сынға түседі.

Хабар 24 телеарнасы