Хабар 24
LIVELIVE

Алматы мектептерінде робот құрастыру зертханалары ашылды

  • 321
  • Media
Алматы мектептерінде робот құрастыру зертханалары ашылды

Алматы мектептерінде робототехникадан арнайы зертханалар ашыла бастады. Қаладағы бес мектептің оқушыларына осындай зертхана сыйға тартылды. Мамандардың айтуынша, жастар арасында ғылымның бұл саласына деген қызығушылық жоғары.

Алматыдағы №69 орта мектептің жоғары сынып оқушылары бүгіннен бастап робототехниканың әліппесін үйренуді қолға алды. Бұл зертхана робототехникадан басқа информатика, математика, мехатроника, және инженерия бойынша да жеткіншектердің білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Дамир Шыныбеков, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры:

- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша осындай лабораториялар керек. Жалпы мектептерді алатын болсақ көбісі мұндай лабораториялар жоқ. Қалада қазір менің білгенімше 40 пайызда ғана бар. 60 пайызда, 60 пайыз мектептерде жоқ. Сондықтан ол үлкен мәселе. Себебі адами капиталды дайындайтын болсақ ол мектептерден бастау керек.

Зертханада қолданылатын «Бозбала» жинағы қазақстандық стартап компанияның өнімі. Студенттер ашқан компания әзірге керек-жарақты шетелден әкеліп отыр. Келешекте робототехникаға қажетті элементтерді өздері шығармақ ниетте.

Дәурен Мұхамедиев, стартап компанияның өкілі:

- Шетелдік жинақтармен салыстырғанда біздің жинақтарымыздың бағасы 25 пайызға дейін арзан болып келеді. Біздегі жинақтардағы элементтермен жинауға болатын проектілердің саны басқаларынан қарағанда көбірек болады. Мысалы тура осы элементтермен басқа жинақтарда 5-ақ проект жинауға болатын болса біздікілермен 17 жинауға болады.

Ернар Алпысбек, 9-сынып оқушысы:

- Робототехника лабораториясы қызық деп ойлаймын. Сабақтан кейін әрқашанда, күнде робототехникада қалып соның бәрін түсінуге тырысамын.

Болашақта үздік оқушылар арнайы команда құрамына кіреді. Олар робототехника бойынша өтетін әртүрлі жарыстарға қатысып, ел намысын қорғайтын болады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев

back to top