Хабар 24
LIVELIVE

ЕҰУ мен Бейжің университеті әріптестікті арттырады

  • 159
  • Media
ЕҰУ мен Бейжің университеті әріптестікті арттырады

Қазақстан мен Қытайдың жоғарғы оқу орындары өзара әріптестікті арттыруға ниетті.

Бірінші кезеңде екі елдің университеттері бірлескен ғылыми жобалар жүргізуді жоспарлап отыр. Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Бейжіңге жасаған жұмыс сапарында осы мәселелерді пысықтады. Қытай астанасында оқып жатқан қазақстандық студенттермен кездесіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасын талқылады.

Максим Овчинников Қытайда авиациялық қозғалтқыш мамандығын меңгеріп жатыр. Магистратураның екінші курс студенті Қазақстанда техникалық мамандықты оқытуға мән беріле бастағанын жоғары бағалайды. Елбасы бес әлеуметтік бастамасында инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы саласына қажет мамандар дайындауға баса назар аударған болатын.

Максим Овчинников, студент:

Президенттің тапсырмасымен осындай үлкен гранттар бөлініп, техникалық бағытты дамытуға баса назар аударылғаны қуантарлық жайт. Қазақстанда өнеркәсіп пен өндірісті өркендету қажет.

Қазір Шығыстағы үлкен көршімізде 14 мыңнан астам қазақ студенті бар. Соның 2,5 мыңы Бейжіңде білім алып жатыр. Белсенді жастар Қазақстан басшысының халыққа Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасынан жақсы хабардар. Олар осы тақырыпқа арналған жиында қызу пікір алмасты. Студенттерге жасалатын жағдайлар жөнінде ой талқы өрбітті. Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қазақстандық студенттермен кездесуде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды тұстарына тоқталды. Қазір Қазақстан мен Қытайдың ЖОО өзара ынтымақтастықты арттыруға ниетті. Бірғасырлық тарихы бар Бейжің университеті болашақта Еуразия университетімен бірлесіп ғылыми жобаларды жүзеге асырмақ.

Гуань Гуйхай, халықаралық және стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

– Бізге тұрақты даму бағыттарды тиімді әрі ұтымды жолмен үйлестіретін сарапшылардың бірлескен зерттеулері қажет. Сондықтан алдымен осы бағытта әріптестік орнатуға болады.

Ерлан Сыдықов бұл тұрғыда Ұлы Жібек жолының тарихын зерттеу үшін бірлескен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге болатынын айтты. Оған екі елдің жас мамандарын тартуды ұсынды.

back to top