Филолог мамандар «Хабар» Агенттігінде семинар өткізді
Қазақ тілінің түгі жығылып, тікені мүжіліп барады.
Бұқараны былай қойғанда, телеарна тілінде де қате көбейді. Тілдің мәйегі кетпесін десек, көк жәшікте қаптаған бағдарламалардың сөзін түзеу керек. Ал ол үшін телеарна ұжымы филологтармен қоян-қолтық жұмыс істегені жөн. Мамандар осылай дейді. Эфирдегі тілдің тазалығы «Хабар» Агенттігі үшін де маңызды. Сол үшін бүгін Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл институтының филологтары әріптестерімізге семинар-тренинг өткізді. Шарада сөйлеу мәдениеті жайлы айтылды.
Табиғатынан бай тіліміздің сөздік қоры жұтап барады. Қазақтың қоңыр үні мен дыбысы бүгінде біршама бүлінді. Кей сөз уақытынан бұрын көнерді, кейбірі тіпті қолданыстан шығып жатыр. Бұған телеарналардағы бірін-бірі қайталаған қасаң тіркес һәм ауызша сөздің бұрмалануы әсер етіп жатыр. Филологтар осылай дейді. Олардың айтуынша, тіл мәйегін сақтап қалуда телеарнаның маңызы зор.
Анар Фазылжанова, филология ғылымдарының кандидаты:
- Эфирдегі қазақ сөзі қалай өмір сүріп жатыр? Оның мәдениеті қандай деген мәселелер, менің ойымша, осы журналистерді, күнделікті тыңдайтын тыңдарман қауымды да мазалайды. Сондықтан біз осы кездесуді өткізіп, бір жағы өзіміздің зерттеуіміздің пайдаға жарауына себепші болсақ, екінші жағынан, журналистердің сөз сапасын арттыруға көмекші болдық деп ойлаймын.
Семинар 2 бөлімнен тұрды. Тіл мамандары журналистердің қателерінен мысал келтіріп, бүлінген сөздің бұрысы мен дұрысын айтты. Сонымен қатар даулы тіркестер талқыланды. Ғалымдардың пікірінше, телеарна мен тіл мамандарының арасы біраз жылға алшақтап кеткен еді. Енді бұл бастама түбі бір қос саланың басын қайта қосып, тіл тазалығын сақтауға сеп бермек.
Құралай Күдеринова, филология ғылымдарының докторы:
- 90-жылдардағыдай қазақ тілінің нормасы қатты бұзылды деп айта алмаймыз. Дегенмен жастардың, жас журналистердің тілінде өзгерістер өте көп. Қазақтың ауызша сөзінде үйлесім, үндесім деген бар. Сол бұзылып жатыр. Орыс тілінің интонациясыныа салып сөйлейтін журналистер бар.
Семинарда тілге қатысты біраз сұрақтың басы ашылды. Түптің түбінде мұндай басқосулар әсіресе жас журналистер мен тележүргізушілердің кәсібилігін шыңдап, біліктілігін арттырады.
Мирлан Алтынбек, Хабар 24 арнасының тілшісі:
- Өте бір пайдалы семинар өтті. Өзіміздің түйгеніміз де бар. Әсіресе осы қазақ тілінің граматикасы, үндестік заңы. Айтқан кезде, жазған кезде қандай ержелерді сақтау керектігін біз білдік, білетінбіз де. Оны өзіміз үшін тағы бір пысықтап алдық.
Әл-Фараби Серіков, Хабар 24 арнасының продюсері:
- Журналистерге пайдалы ақпараттар көп айтылды. Мәселен, біз эфирде жүргеннен кейін кей сөздерді тиісті мағынасында қолданбауымыз мүмкін.
Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Тіліміздің деңгейі, сөзіміздің қадірі биік тұрсын десек, тіл тазалығын қолға алу керек. Әсіресе жегені – жантақ, арқалағаны – алтын журналистер қауымы ана тілінің көсегесін көгертуге атсалысуы тиіс. Бұл – көрермен алдындағы абыройлы міндет, жүгі ауыр жауапкершілік.
Авторлары: Бекзат Аманов, Артур Горшняков, Серік Қоңырбаев.