Мәжілісмендер: Терроризммен күресу үшін елімізде кешенді шаралар қабылдануы керек

«Терроризммен күресу үшін елімізде кешенді шаралар қабылдануы керек. Ең алдымен заңға негізделген арнайы мемлекеттік бағдарлама жасалып, жүзеге асырылуы тиіс. Экстремизмге қарсы бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын дайындау да күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі», - деді Талдықорғандағы сайлаушылармен кездесу барысында Парламент Мәжілісінің депуттатары Бақытжан Ертаев пен Бақытбек Смағұл.

Олар терроризм мен экстремизмге қарсы күрес тек қана құқық қорғау органдарының жұмысы емес, оған қоғам жаппай атсалысуы тиіс деп есептейді. Ол үшін ел азаматтарының діни сауатын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл жұмыстарды мешіт, медреселер ғана емес, мектеп, колледждер мен жоғары оқу орындары да мықтап қолға алуы қажет. Өйткені теріс пиғылды жат ағымдардың алдау-арбауына түсіп, жетегінде кетіп жатқандардың көбі жастар. «Дінтануды оқу бағдарламаларына енгізіп, жастарға патриоттық тәрбие беру ісін мықтап қолға алса, жағдай біршама жақсара түсер еді. Ауған соғысының ардагерлері бұл іске білек түре кірісуге дайын», - дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.  

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әр халықтың уақыт шекарасын айқындайтын сан түрлі өлшемдер болатын болса, соның біреуі – асыл дініміз. Ол біздің өзіміздің бабаларымыздан келе жатқан дініміз емес пе? Сондықтан да қазіргі Исламды бізге жат қылып көрсетіп жатқанды емес, керісінше, біз өзіміздің асыл дініміздің мәртебесін жоғары көтере білуіміз керек.