Заңгерлер Конституциялық реформаны талқылады

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен «Конституциялық реформа: Басқарудың тиімді, тұрақты және заманауи жүйесін құру» тақырыбында талқылау өтті.

Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен заңгерлер қатысты. Екі аптадан бері жұрт талқылауына түскен реформа жайында ой қозғалып, әркім өз ұстанымын ортаға салды. Заңгерлер жалпы талқылау қоғамдағы құқықтың сауаттылықтың артуына ықпал еткенін тілге тиек етісті. Әсіресе 26-бапқа қатысты пікір білдірушілер көп екені белгілі. Жарыс сөзге шыққандар  бұл баптың жерге емес, мүлікке қатысты екенін атап өтті.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Алтыншы баптағы айтылған ойлардың барлығы мынау 26-бап және тағы да басқа содан туындайтын баптардың барлығына жауап беріп отыр. Алтыншы баптағы үш бөлікті жеке-жеке қарап отыратын болсаңыздар, яғни оның ерекше бөлімде қорғаған конституцияның күллі сұрақтарының барлығына жауап беріп отырған сияқты. Әсіресе жерге қатынасы.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Бірқатар облыстарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездескеннен кейін халықтың Елбасымыз ұсынып отырған конституциялық реформаны кеңінен қолдайтынына көз жеткіздім. Кәсіпкерлер қауымы жекеменшікке қатысты Конституция баптарын одан ары күшейте түсуді ұсынып отыр. Сондықтан бұл реформа да елімізді одан ары күшті қуатты етіп, халқымыздың береке бірлігін арттырады деп нық сенемін.