Отандық туризм: күнгейі мен көлеңкесі | Арнайы репортаж
Екі жылға жалғасқан пандемия салдарынан тоқырап қалған туризм қайта жандана бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әлем бойынша саланың қазіргі аяқ алысы мен отандық туризмнің дайындығы жөнінде арна тілшілері арнайы репортаж жасады.
Бақыт Топтаева, тілші:
– Соңғы екі жыл бойы жабық болған 12 туристік дестинация наурызда шетелдік меймандарды қайта қабылдауға кірісті. Осыған қарап дүниежүзілік туризм ұйымы пандемиядан кейін саланың оңала бастағанын хабарлады. Дегенмен Украинадағы қақтығыстар, Ресейдегі экономикалық санкциялар кей саяхатшының жоспарын әлден-ақ өзгертуге мәжбүрледі. Геосаяси ахуал мен әлемдік тенденциялар біздің туризм нарығына қалай әсер етпек?
Пандемия басталған жылы Ресей мен Украинанының халықаралық туризмге қосқан үлесі 3 процент деңгейінде еді. Қос елдің арасындағы әскери қақтығыстың салдарынан әлемдік туризм 14 миллиард доллардан қағылмақ. Бұл – дүниежүзілік туризм ұйымының алдын ала есептеген шығыны. Украина мен Ресей көгінің жабылуы ресейліктердің алыс шетелде демалуын қиындататыны даусыз. Есесіне жақын шетелдердің ұпайы түгенделмек. Бүгінгі күннің өзінде ресейлік туристердің Грузия, Армения, Кавказ елдеріне бет алып, ел ішінде демалуға бел буғаны байқалады.
Еркін Тикенов, туризм саласындағы консалтинг компаниясының директоры:
– Қазақстан бұл елдердің тізімінде үшінші, төртінші кезекте тұр. Әдейі солай қойылған ба, нақтысын білмедім. Пандемияға дейін Ресей азаматтары іскерлік сапармен де, жай қыдырып та біздің елге жиі қатынайтын. Бірақ пандемия кезінде арадағы қатынас бәсеңдеп қалды. Қазір Ресей шекарасын ашқанымен, Қазақстан әлі ашу-ашпау жөнінде шешім қабылдай қоймады. Ерте ме, кеш пе бұл мәселе міндетті түрде шешіледі. Бірақ бұл үдерісті тездеткен жөн. Өйткені, ақша табуды көздейтіндердің басқасы біздің елге келіп көп ақша жұмсайды. Ия, бұл елдегі бағаның өсуіне әкеп соғуы мүмкін. Десе де бұл валюталық пайда табудың бірден-бір жолы.
Қазақстанды әдейілеп аралау үшін келмесе де, шекараны уақытша кесіп өткен әрбір ресейлік түптеп келгенде экономикамызға кіріс әкеледі. Ресми статистикаға сүйенсек: 2021 жылы елге келген шетелдіктердің 40 пайызы солтүстіктегі көрші елдің үлесіне тиеді екен. Қазіргі кезде бұл көрсеткішті арттырудың толық мүмкіндігі бар, дейді сарапшы.
Еркін Тикенов, туризм саласындағы консалтинг компаниясының директоры:
– Ол үшін экономикалық тұрғыдан не болп жатқанын жете түсінген абзал. Мәселен, шекараға жақын аумақтағы тұрғындардың саяхаттау әдетін жіті зерделеу керек. Олардың тарапынан туристік бағыт бойынша сұраныс неден туады, орташа есепшот қалай құралады деген нәрселерді жете зерттеу керек., Яғни, тек Мәскеу мен Петербор азаматтары емес, үш жүз мың, жарты миллион, миллионға жуық халқы бар қала тұрғындарының қажеттілігін ұғыну қажет. Онда не боп жатқанынан хабардар болу керек. Өйткені, қазір олардың табыс көлемі өзгеріп жатыр. Бірақ сонда да, біздің нарық үшін олар да тартымды турист саналады. Сондықтан, ресейлік қалаларға қатынайтын қандай борттар бар, олардың сыйымдылығы бойынша жан-жақты талдау жүргізген жөн.
Сала сарапшысы айтқандай, әуе компанияларын демонополизациялау туристерді сырттан көптеп тартуға едәуір септесер еді. Олар Ресейден ғана емес, өзге елдерден де Қазақстанға көбірек адам әкелуге мүдделі болуы тиіс. Мысалы, Орталық Азиядағы тур өнімдерді қсынатын Indy Guide онлайн платформасында оң динамика байқалады. Ақпан айында Еуропадан Орталық Азияға саяхаттауға ниет білдіргендер саны артқан. Платформаның негізін қалаушы Атахан Тосын өсімнің наурыз айында да жалғасқанын айтады. Әдетте қыстан кейінгі турлар аса көп сатылмайды. Десе де, пандемияға дейінгі көрсеткішке қол жеткізгеніміз – туризмнің жандана бастағанын айғақтайды, дейді Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілі.
Атахан Тосун, онлайн платформаның негізін қалаушы:
– Осындай саяхат турларына деген сұраныс пандемияға дейінгі көрсеткішке жетуі бек мүмкін. Тіпті пандемияның кесірінен шетке шыға алмаған адамдардың тарапынан мұндай турларға сұраныс тіптен ұлғаю мүмкін. Емін-еркін саяхаттауды сағынған еуропалықтар қазір осы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келеді. Екі жыл бойы алыс сапарға шықпаған олар Қазақстанға келгісі келсе, оған таңқалуға болмайды.
Иә, Украина мен Ресей аспанының жабылғандықтан Кәрі Құрлықтан Орталық Азияға сапарлату біраз қиындауы мүмкін. Яғни, ұшу бағыты ұзарып, сәйкесінше баға қымбаттайды. Соған қарамастан, еуропалықтар Шығысқа саяхаттаудан бас тартатын емес.
Атахан Тосун, онлайн платформаның негізін қалаушы:
– Менің ойымша, біз ұсынып отырған турлардың бағасы онша қымбат емес. Еуропалықтар, мәселен Швейцария, Германия азаматтары ақша айырбасы кезінде Орталық Азиядағы бағаның арзан екенін байқайды. Бастысы тур бағыттың логистикасы тиімді болып, тікелей немесе орта жолда әуе кемесін алмастырып ұшуға тиімді жағдай жасалса, басқа ешқандай кедергі жоқ. Оның үстіне соңғы екі жылда ақшаларын жұмсай қоймаған олар еш қысылмастан Орталық Азияға сапарына ақша шығаруға даяр.
Расымен АҚШ және Еуропаның туризм нарығы қалпына келіп жатыр. «Темірді қызған кезде соқ» демекші, отандық тур агенттіктер осы бір орайлы сәтті қалт жібермеуі тиіс. Қазақстанда шетелдік меймандарға таңсық болар дүние көп – соны ұтымды пайдаланып, тартымду тур өнімді жасақтауға болады, дейді Атахан Тосын. Оның платформасы арқылы тур бағыттарға тапсырыс беретіндердің үштен бір бөлігі Қазақстанды таңдайтын. Алайда, пандемия кезінде елге келудің талап-ережесі күшейгендіктен, еліміз топ дестинация тізімнің соңына қарай ысырылды.
Атахан Тосун, онлайн платформаның негізін қалаушы:
– Бізге 5 жұлдызды қонақүйлер керек емес. Бізге ең алдымен, басқа елден келген азаматтың қажеттілігін түсіну маңызды. Олар бұл сапардан нені күтеді, нені көргісі келеді? Оларды немен қызықтырып, қандай тур өнім ұсынса болады? Міне, осыны жете ұғыну керек. Бұл да сауаттылық пен мемлекеттік туризмге деген көзқарасынан туындаған мәселе деп ойлаймын.
Тарихшы-этнограф Амандық Әмірхамзин бірнеше жылдан бері туризм саласына ден қойған. Тіпті Қостанай өңірінде этно ауыл құруды жоспарлап, кішігірім грант ұтып алды. Енді жобасын іске асыру үшін әрекет қылуда.
Амандық Әмірхамзин, этно ауыл жобасының авторы:
– Мысалы, кейде мына біздің проблема көп қой енді, жол жоқ деген сияқты. Мүмкін бұл біздің кейде артықшылығымыз. Шетелдің туристері мына қымбат қонақ үйде, ішіндегі мәселені бүкіл жағдайы бар жаңағы ыңғайлы жерде, мүмкін шаршағандықтан шығар, адамдар жаңа жер көргісі келеді, оларға жаңа бір көрініс қажет. Мысалы, біздің ұлттық біздің нышандағы барлық жағдай жасалған. Жаңағыдай этноауылдар болсын, олар қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Негізінде біз болашақта солар үшін жұмыс істеу керек.
Инфрақұрылымы жағынан Қазақстанға есе жіберетін Грузия, Өзбекстан мен Моңғолия туризмнен қып-қызыл пайда көріп отыр. Сондағы гәп – маркетингтік компанияны қарқынды жүргізуде боп тұр. Шындығы сол, туризмді жарнамалау жөнінен бұл елдер Қазақстаннан оқ бойы озып кеткен.
Еркін Тикенов, туризм саласындағы консалтинг компаниясының директоры:
– Біз өз-өзімізді оффлайн және онлайн жолдар арқылы жарнамалауымыз керек. Шетелдердегі әрбір турагентікте Қазақстанмен қоян-қолтық жұмыс істейтін өкіл болса. Ол мұндағы демалысты тиімді ұйымдастырудың қыр-сырына қанық болса – мақсатымызға жетер едік. Ол үшін, әрине, Би ту Би әріптестік орнатып, барлық онлайн алаңдарда бар екенімізді көрсетуіміз қажет. Сондай-ақ, цифрлық маркетинг тәсілдерін тиімді қолдансақ тіптен жақсы болар еді. Әрине бұл қомақты қаржылай инвестицияны қажет ететін дүние. Бізде бұл тәсілдерді жетік меңгерген команда да бар. Бірақ жеме-жемге келгенде бұл саяси ерік-жігерді қажет ететін шаруа.
Туризмнің экономикаға әжептәуір кіріс әкелетінін елімізде барлығы бірдей жете ұғынбаған сыңайлы. Инвестициялық тұрғыдан қаншалықты тартымды екенін түсінбегендіктен болар, сала әлі ақсап тұр. Сарапшылар осыны айтып налиды. Алайда ештеңе істелінбей жатыр деуге болмас. Жалпы, туризмді дамыту мемлекеттік және әкімшілік деңгейдегі ұтымды шешімдерді ғана емес, кәсіпкерлердің де ширақ қимылын қажет етеді. Осы ретте, туристік қызмет саласын жетілдіру мақсатында «Қазақ туризм» мекемесі бірқатар жобаны қолға алған.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры:
– Біз пандемия басталған жылы ішкі туризмнің онлайн академиясын құрдық. Ол онлайн академияда бүгінгі күнге дейін мысалы 12 түрлі курстар салынып, ол курстар әрбір жаңағы бизнеске енді келген адам болсын немесе басқа бизнестен туризмге ауысып келген немесе баяғыдан бері істеп жүрген туристік компанияларға әртүрлі өз жұмысын қалай бастауға болады, неден бастау керек, лицензия қалай алуға болады немесе қолда бар бизнесін әрі қарай дамыту үшін не істей алады деген сұрақтарға жауап беру үшін түрлі-түрлі онлайн курстар жасадық.
Саланың кәсіпқой мамандары мен ісі өрге басқан кәсіпкерлер онлайн платформа арқылы дәріс беріп, кеңестерін бөліседі. Айта кетерлігі, онлайн платформа екі тілде тегін білім алуға болады. Бүгінде екі мыңнан астам адам туризмнің онлайн академиясын тәмамдаған. Қостанай өңірінде этно ауыл құруға қамданған Амандық Әмірхамзин де солардың қатарынан.
Амандық Әмірхамзин, этно ауыл жобасының авторы:
– Енді бұл жерде мысалы, әр саланың өз мамандары бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы агротуризм бойынша соның мамандарының дәрісін тыңдайсыз. Өйткені, бұл жерде бір пайдалысы, мәселен, сіз ол информацияны ақпаратты интернетте іздеуіңіз мүмкін. Әр сайтқа кіріп, бұл жерде ол жинақталған бір жерде және қысқа-нұсқа сол жағынан пайдасы және Қазақстан нарығына тікелей байланысты. Ең бастысы бұл Қазақстан нарығында, енді біздің басты мақсатымыз – сыртқы туризм емес, ішкі туризм болғаннан кейін, сол барлық дәрістерін бәрін оқып шықтық.
«Туризм онлайн» цифрлық платформасында білім модульдерінен бөлек, саладағы жаңалықтар, іс-шаралар күнтізбесі, ақпараттық турлар мен өзге де пайдалы мәліметтер жарияланады.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры:
– Тағы бір өте маңызды бағыты біз туристік маршурттарды өтіп, оларды түгендеу жасағаннан кейін мысалы, ол жерде жолда не бар, қандай туристік нысандар немесе қандай тоқтайтын жерлер бар, жолдың жағдайы қалай немесе телефон ұстай ма, ұстамай ма, қандай байланыс түрлері ұстайды. Сол туралы ақпараттар толықтай әрбір маршурттар бойынша біз түгендеп, соны цифрландырған күйінде, соны «Туризм онлайнға» салып қойғанбыз.
Туристік өнімді әзірлеу, оны нарыққа ұсыну, туризм саласындағы маркетингке қатысты алған білімін кейіпкеріміз Амандық Әмірхамзин іс жүзінде сынауға бел буған. Алайда мұнысының оңай шаруа емес екенін бірден түсінеді.
Амандық Әмірхамзин, этно ауыл жобасының авторы:
– Енді биылғы жылы біз өзіміздің этноауылды құрып көрдік. Ол үшін мен төрт киіз үйді сатып алдым. Бірақ енді ол жерде кішкене бір ньюанстар бар. Жалпы Қазақстанда бұрын киіз үй шығаратын Үштөбеде арнайы кәсіпорын болған. Өкінішке қарай, қазір ол жұмыс істемейді. Ал енді жеке адамдардан алатын болсаңыз толық комплект табу қиын, бірінші. Екінші, бағасы аспандап тұр. Сондықтан мен енді көрші елдерінің бірінен тапсырыс беріп алдырдым.
Көне заман үлгісіндегі жиһаз жиылған киіз үйде түнеп, көшпелі халқымыздың өмір салтының атмосферасын сезіну өзге түгілі, өзімізді ғажап күйге бөлейді. Сол себепті Амандық мырза шетелдік меймандар үшін бұл өтімді ұсыныс боларына нық сенімді.
Амандық Әмірхамзин, этно ауыл жобасының авторы:
– Тағы бір мәселе бұл қаржыландыру. Мысалы, қаржыландыруды мен көктемде бастасам, тек қана күзге таман алдым. Ал біздің жұмыс енді Солтүстік Қазақстанды өзіңіз білесіз жаз мезгілінде. Сондықтан ол жағынан енді кішкене ұтылып қалдым. Бірақ бастысы біз былайша айтқанда, (оформление) жасап көрдік.
Иә, қиялдағы арманды мақсатқа, ал мақсатты нақты іске айналдыру үшін қаржы қажет. Туризм саласындағы кәсіпкерлікті қолдаудың тетігі елімізде қарастырылмаған. Дегенмен отандық туризмді тығырыққа тіреген түйткіл бұл ғана емес.
Атахан Тосун, онлайн платформаның негізін қалаушы:
– Ең бірінші кемшін тұсы – шет тілінде сөйлейтін мамандардың аздығы. Тек ағылшын тілін меңгерген ғана емес, әрине, ағылшын тілі қазір халықаралық тіл саналады ғой, бірақ француз, испан, неміс тілінде сөйлейтін гидтер жоқтың қасы. Міне, осы бір жайт қолбайлау болып тұр. Алматы мен Нұр-Сұлтанда ондай гидтерді табуға болады. Бірақ өзге аймақтарында тілмаш гидтер жоқ.
Орталық Азияға табан тіреген еуропалықтар кем дегенде екі мемлекетті аралап көргісі келеді. Осы ретте көне Жібек жолын жалғаған көршілес елдер шекарадан кедергісіз өту мәселесін реттесе жақсы болар еді. Атахан Тосунның пікірінше, аймақтың туристік тартымдылығы едәуір артар еді. Айтарлықтай тартымды болмаса, асыра жарнамаланған дестинациялар мен туристердің қалың нөпірі жергілікті халықтың мезі қылған мемлекеттер бар. Ал Қазақстан оның біріне де жатпайды.
Атахан Тосун, онлайн платформаның негізін қалаушы:
– Қазақстанға, жалпы орталық Азияға саяхат Еуропадағыдай бір-екі күндік қалалық турлар сияқты емес. Ол уақыт пен тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Ең бастысы туристер уақытын сарп етуге дайын. Айталық, бір жылда ұзақтау еңбек демалысын алып 2-3 аптаға созылатын сапарға шығуы мүмкін. Осы уақытта тұтас Қазақстанды армансыз аралауға болады. Өз басым солай істедім.
Бақыт Топтаева, тілші:
– Отандық туризмнің түйткілдеріне қатысты түйін. Саланы дамыту үшін ең алдымен саяси серпін, кәсіпкерлерді қолдауға қомақты қаражы, сауатты әрі үздіксіз маркетинг, сонымен бірге сапалы қызмет көрсету үшін қарапайым халықтың шет тілін меңгергені қажет. Заманауи мегаполистерінен бөлек, тауы да, нуы да, шөлі де, көлі де бар, тарихы тереңінен сыр шертетін мол мұраға ие Қазақстанның шетелдік туристке таңсық өнім ұсынуға барлық жағдайы бар. Тек осының бәрін жүйелі жолға қойып, барымызды жарата білсек болғаны.