«Астана Опера» театрының Шымкент өңіріне сапары мәресіне жетті

Елордалық труппа  ел-жұртқа «Гала Опера» атты концерттік бағдарламаны тарту етті.

Бұл кештің басты ерекшелігі, опера жанрына енді аяқ басқан өнерпаздармен қатар бекзада өнердің биігінде жүрген әртістер қатысты. 

Елордалық ұжымды шырайлы Шымкент тұрғындары жылы қарсы алды. Бірегей труппаның да қалың көпшілікке дайындаған тартуы аз емес еді. "Гала Опера" атты кеш опера жанрының үздік туындыларын топтастырған. Сахна төрінде "Астана Опера" театрының оркестрімен қатар, хор әншілері төбе көрсетті. Алқа топтың алдында барын салатын әртістер бұл жолы да тосырқап қалмады. Әрі бұл орта оларға таңсық емес. Бірқатары дәл осы сахнадан өнер жолын бастаған.

Мейір Байнеш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Астана Опера" театры опера труппасының директоры:

- Шымкент қаласына бекерден бекер келіп отырған жоқпыз. "Гала Операны" алып келіп отырмыз. Біздің театрдың үздік әртістері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Жұпар Ғабдуллиналар келді. Өз басымды айтатын болсам, мен Шымкентте тұңғыш шырқағаным емес. Бұл жерде мен 2014 жылы  Чайковскийдің "Евгений Онегин" операсын сомдаған болатынмын. Және осы Шымкент қаласынан менің творчествалық өмірім басталды десем болады. 

"Қыз Жібек" операсындағы Шегенің термесі, "Біржан - Сара" айтысынан үзінді, Чайковский, Вивалди секілді әлемдік композиторлардың шабытқа толы шығармалары. Опера кеші осындай екі үлкен тақырыпты қамтыды. Сондай-ақ флейта мен скрипкаға арналған сырлы музыкаға да кезек берілді. Мұндай кештер өнерге сусаған қауымның құлақ құрышын қандырып қана қоймай, екі ұжымның өзара тәжірибе алмасып,  ортақ жобаларды жүзеге асыруына жол ашады, - дейді өнер майталмандары.

Абзал Мұхитдин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Астана Опера" театрының дирижері:

- Кез келген ұжым үшін гастрольдік сапар маңызды және қажет іс-шара деп ойлаймын. Біріншіден бұл өз өнерін көрсету, екіншіден тәжірибе алмасу. Мысалы, келе жатқан желтоқсан айында жергілікті театр Пуччинидің Тюссан операсын қоймақ. Кеше біздің бас хормейстеріміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дауытов осы опера жайында мастер класс өткізген болатын.   

"Астана Опера" театрының Шымкентке жасаған сапары көптің есінен кетпейтін нағыз мәдени оқиға болғаны сөзсіз. Мұны залға жиылған көрермендердің ыстық ықыласы аңғартып тұрғандай.

 

Авторлары: Назерке Тоқжан, Катерина Попкова