Отырарлық шеберлердің бұйымдары паш етілді
Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі жалғасып жатыр.
Қасиетті шаһарға Отырар ауданының мәдени көші жетті. Іс-шараның алғы сөзін осы өлкенің тумасы, ақын, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шаханов бастап, ұлттық өнерді насихаттап жүрген ұжымға ризашылығын білдірді. Әбу Насыр әл-Фараби, күш атасы Қажымұқан, вальс королі Шәмші Қалдаяқов. Көпшілік ел руханиятында ойып тұрып орын алар осынау бірегей тұлғалардың бейнесін тамашалады. Ашық аспан астында театрландырылған қойылым көріп, ата-балалардың өнегесіне қанықты. Қазыналы мекен Отырардан жеткен өнерпаздардың Түркістан жұртшылығына тартуы аз емес, - дейді ұйымдастырушылар.
Сағынтай Құттыбай, Отырар аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Бұл көштің құрамында өздеріңіз көргендей әл-Фараби бабамыздан бастап, Мұхтар Шаханов ағамыздың, Өзбекәлі Жәнібеков көкеміздің, барлық біздің аңыз ағаларымыздың ізбасарларын көрдіңіздер. Біздің өзіміздің төл дүниелерімізді көрсетеміз. Әсіресе салт-дәстүр көріністерінің ішінде қазақта бар ғой, жаңадан туылған баланы қырқынан шығару деген сияқты. Қазақта ботаны да қырқынан шығарады екен. Сол дәстүрді көрсеттік.
Отырарлық шеберлердің бұйымдары паш етілді
Фестиваль аясында отырарлық шеберлердің бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Әсіресе қолынан қашауы түспеген ағаш ұсталарының өнеріне қызыға қарағандар көп. Бұл кәсіп негізінен атадан балаға мирас болып қалған. Сондай-ақ құмыра шеберлері де көздің жауын алар түрлі ыдыс-аяқ жасап, келушілерді таң-тамаша етті. Тіпті олар үшін арнайы шеберлік сабағын ұйымдастырды. Іс-шара аясында ауданның ауыл шаруашылық өнімдерінен жәрмеңке өтіп, киіз үйлерде халқымыздың салт-дәстүрлері дәріптелді. Ал кешке қарай қауым «Керуен сарайы» кешенінде «Өнерлі өлке - Түркістан» атты аудан өнерпаздарының гала концертін тамашалады.
«Қаһарлы Орландо» операсының премьерасы өтті
Құштарлық, сиқыр және барокко... «Астана Опера» патша көңіл көрерменге Вивальдидің "Қаһарлы Орландо" туындысын ұсынды. Шығарма 1724 жылы Венецияда жазылған. Алайда талай ғасыр өткеніне қарамастан айтар ойы өзекті. Вивальдиді көпшілік "Жыл мезгілдері" еңбегінің авторы ретінде таниды. Ал "Қаһарлы Орландо" бұған дейін қазақ сахнасында қойылмады. Күрделі музыкалық шешімдер, кейіпкерлер арасындағы шытырманға толы махаббат хикаясы... «Мұның барлығы қалың көпшілікті еліте отырып, ойландырады», - дейді театр майталмандары. Тарихы терең операны сахнаға лайықтаған режиссер - Алла Симонишвили.
Алла Симонишвили, қоюшы режиссер:
- Бұл қазақстандық көрермендер үшін тың дүние болмақ. Мұнымен қоса, Астана Опера сынды ауқымды сахнада тұңғыш рет қойылғалы тұр. Вивальдидің бұл туындысы өзге шығармалары секілді қалың көпшілікті баурап алады деген үміттемін. Себебі мұнда дәстүрлер мен жаңашылдық жарасымды көрініс тапқан.
«Сильфида» балеті қойылады
Дәл осы өнер ордасының сахнасында 8 және 9 қазан күндері Герман Левенскольдтың "Сильфида" балеті қойылады. Бұл - ХІХ ғасырда жазылған ізгілік пен махаббат туралы бірегей туынды. Оның бірінші премьерасы 1832 жылы Париждегі Гранд-Опера театрында өтті. Ал «Астана Опера» ұжымы сахнасында былтыр тұсауы кесілген болатын. Арман мен шындық, сезім мен қиялдың шарпысуы... Романтизм дәуірінің жарқын үлгісі «Сильфиданы» тамашалау мүмкіндігінен қапы қалмаңыз.