«Қағаз ақшаға» сұраныс азайып жатыр

Қазақстан қолма-қол ақшасыз төлем бойынша ТМД-да көш бастап тұр. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, жыл басында карталық төлемдердің 90 пайызға жуығы онлайн жасалған. Ал ТМД елдеріндегі орташа көрсеткіш 60% пайыздан төмен. Біздің елде банкоматтан қолма-қол ақша шешіп алу үдерісі де бәсеңдеп келеді. Мұның артық не кем тұсы қандай? 

Шамамен 13 трлн теңге. Жарты жылда банк карталарынан шешілген сома осы ғана. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен үш пайыз төмен. Ұлттық статистикаға сүйенсек, қолма‑қол ақшаға сұраныс айтарлықтай азайған.

БанкНот пен монета айнАлымы қысқарды, есесіне цифрлық төлемдер үлесі артты. Экономист Бекнұр Қисықов бұл үдеріс экономика үшін тиімді дейді. Өйткені қаржы айналымының цифрлық арнаға көшуі транзакцияларды бақылауды жеңілдетеді. Сарапшының айтуынша, қолма‑қол ақшамен жүргізілетін операциялардың ашықтығы күмәнді.

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Кэш көп болса, экономикаға дұрыс емес. Яғни экономика бақылаудың астында емес, ол қай жаққа төленіп жатыр. Оның ішінде салық төленіп жатыр ма? Оның бәрі белгісіз. Сондықтан, осылай цифрлық экономика, цифрлық экономика демейді. Тұтынушыларға осындай цифрлық мүмкіндік берілген. Сол өте пайдалы бізге, тіпті кәсіпкерлерге де пайдалы деп ойлаймын.

Қолма-қол ақша көлемі біртіндеп қысқарып жатқанын Ұлттық банк те растады. Себебі қажеттілік аз. Қазір дүкен мен қызмет көрсету орындарында QR төлемдер енгізілген.

Арнайы құрылғы саны 12 есе өсіп, 1,3 млн-нан асты. POS-терминалдар көбейді, онлайн банкиҢге сұраныс артып жатыр. Елде цифрлық сервистерді дамытуға инвестиция құйылады. Демек, бұл болашағы бар тенденция. Әлбетте «қағаз ақшаның» құндылығы жоғалмайды, әсіресе ауыл-аймақта цифрлық төлемдерден гөрі, қолма-қол ақшамен есеп айырысуды жөн көретіндер көп. 

Әр тұрғынның 4 картасы бар

Нарық сарапшылары "әр қазақстандық кемінде 4 банктің картасын ұстайды" дейді. Десе де, ақша шешу үдерісі бәсеңдеп жатыр. Осы жарты жылдың өзінде 2017 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш тіркелді. Қаңтар-маусым арасында 109,9 млн операция жасалған. Мамандар пандемиядан бері банкомат алдында кезек айтарлықтай сирегенін айтады.

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Бізде 84 млн карточка бар екен. Қазір банктерге ең пайдалы адам осы карточка ұстаған адамдар. Сіз ақшаны бір банктен екіншіге көшіргенде оған пайыз төлейсіз еселеп, өз шотыңыздың арасында болса, төлемейсіз. Сол ақшаның арқасында банк пайда көреді.

«Қағаз ақшадан» біртіндеп бас тартқан ел көп

Халықаралық статистикаға сүйенсек, цифрлық төлемдер дағдыға айналған мемлекеттер ішінде Швеция алда келеді. Мұндағы барлық транзакцияның 10%-ы ғана қолма‑қол ақшамен жасалады. Ал Қытай халқы тек мобильді төлемді пайдаланады. Біздің ел де біртіндеп қолма-қол ақшасыз төлемге көшіп жатыр. Он жылдағы өсім 116 есе өсіп, 188 трлн теңгеден асқан. Міне цифрлық теңге енгізіле бастады. Демек, көрсеткіш еселене береді.