Мәдениет жаңалықтары. Астана Операда Қарағанды музыканттары өнер көрсетті

- Елордалық өнер сүйер қауым ерекше кештің куәгері болды. Жиналған жұрт «Астана Опера» сахнасынан – әдеттегідей театр өнерпаздарын емес, Қарағандыдан келген музыканттардың өнерін тамашалады. Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі симфониялық оркестрі жан тебірентер жауһар туындылармен тыңдармандарды тамсандырды.

- Астаналық галереялардың бірінде ерекше көрменің тұсауы кесілді. Қабырғаға ілінген картиналар бұрынғыдан бөлек. Себебі, олар қиындылардан құралған. Туындылар топтамасы 5 жыл бойы жинақталған. Олар қос суретші: Ғалым Маданов пен Зәуреш Терекбайдың жұмыстары. Шараға «Cool Age» деп айдар таққан авторлар келушілердің назарына 80-ге жуық картинасын ұсынды.

- Елордалық өнер сүйер қауым «Өмір жолы» атты ерекше концертті тамашалады. «Астана концерт залын» ән мен жырға бөлеген – «Қорқыт»  дәстүрлі саз тобы. Ұлттық музыканы дәріптеген ұжым – бұл жолғы кешті – атақты күйші, композитор, қобызшы Ықылас Дүкенұлының 175 жылдығына арнады.