Шетелдік БАҚ: шолу және талдау. Венгрия көпбалалы аналарға салынатын салықты алып тастады

Венгрия үкіметі көпбалалы аналарға салынар табыс салығын алып тастады, деп хабарлайды «Индепендент». Төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға қандай қолдау жасалатыны туралы елдің премьер-министрі Виктор Орбан мәлімдеді. Үкімет басшысы өз сөзінде елдегі туу көрсеткішін күшейтіп, халық санының қысқаруына жол бермеу керектігіне ерекше тоқталған. Көпбалалы әйелдермен қатар, жас отбасылар да көмекке қол жеткізе алады. Оларға 36 мың доллар көлемінде несие пайызсыз беріледі. Әрі жас шаңырақта үшінші бала өмірге келсе, несие төлеуден құтылады. Иммигранттарға қарсы ұстанымымен танымал Виктор Орбанның ойынша, бұл шараларды қазіргі демографиялық тенденцияларға «Венгрияның жауабы» деп санауға да болады.