Елімізде банктерден қарыз алу жиілеп кетті | Анығында

Жеке тұлғаларға берілген несие көлемі өткен айда 2 процент артқан. Бірақ сыйақы мөлшерлемесі де өсті. Соған қарамастан несиеге байланған адам көп. Кепілдікке бар дүние мүлкін қойып, әп-сәтте үй- күйсіз қалғандар аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтырғы есеп бойынша елімізде 6 млн тұрғынның банкке қарызы бар. Ал табысы бар экономикалық белсенді халықтың саны 9 млн асады. Демек екінің бірінің басында несие бар. Әрине қарызға ешкімнің белшесінен батқысы келмейтіні анық. Бірақ 2 жылға созылған пандемия мен қазіргі геосаяси ахуал халықтың табысын төмендетіп жіберді. Салдарынан амалсыздан несиеге байланған азаматтардың саны артты. Тіпті азық-түліктің өзін бөлеп төлеу жүйесі арқылы алып жатқандар бар.

Иә, шарықтаған баға қалтаны қақты. Бүгінде халықтың 66 % тауарлар мен қызметтер бағасына қанағаттанбайды. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институы жыл басында жүргізген сауалнама қорытындысы осындай. Тұрғындар басқаны айтпағанда күнделікті тұтынатын өнімдердің қымбаттағанын айтады.

Ал несиенің сыйақы мөлшерлемесі биыл ақпан айында 18% асты. Бір айдың өзінде 0,7% көбейген. Соған қарамастан, қарыз алатындар азаймай тұр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебінше, жеке тұлғаларға берілетін несие көлемі  2,3% артқан. Ал заңды тұлғалардікі 4,6%-ке ұлғайды.

Азаматтар көбіне несиені ұлттық валютада алады екен. Шетел валютасындағы қарызға да сұраныс көп. Өсім шамамен 13 %, яғни жоғарғы проценттік үстеме борышкерлер санын шектемей тұр.

Сұраныс бар кезде жоғарғы проценттік үстемақы төмендей қоймас. Былтыр 333 мың адам алғаш рет несие рәсімдепті. Берешектің жалпы сомасы 118 млрд теңгеден асады. Енді қайтпек керек? Жағдайды реттеудің бір ғана жолы бар, халықтың табысын арттырып, әл-ауқатын көтеру. Тұрмысын тіктеу.

Әсем Нұрғалиева, бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры:

– Несиеге сұраныс бар жерде несиелендірудің де формасы өзгере береді. Егер құзырлы органдар жағдайды реттеп отырмаса, мәселеге қаржы, мұнай трейдерлері тәрізді «несие трейдерлері» араласып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда қарызға батқан халықтың әлеуметтік жағдайы ушығып кетеді. Халық қарызсыз болуы үшін олардың табысы өсуі керек.

Халықтың қарызға батқаны банк секторы үшін де тиімсіз. Егер жағдай қиындап тұрғындар алған қарызын қайтармаса онда қаржы ұйымдары дағдарысқа ұшырайды. Былтыр 540 мың азаматтың банкке кемі 90 күн төленбеген несиесі бары айтылды. Қарыздың сомасы қомақты. 354 млрд теңгеден асады. Бұл мәселеге Президент те назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін.

Мемлекет басшысы Үкіметке қарыздың шектен тыс көбеюіне жол бермеу қажеттігін ескертті. Тапсырма берді. Одан бері 3 ай уақыт өтті. Алайда әзірге ахуал осындай.