Қаржылық пирамидаларға тосқауыл бола ма?
Ватсап пен Телеграмның көмегімен құрылған «Астана Раушан касса айналымы» атты қаржылық пирамида бар. Бүгін қаржылық мониторинг агенттігінен хабарлағандай, ілмегіне ілінгендер саны 2 мыңға дейін жеткен. Жымысқы жүйе құрып, оны басқарған екі әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Қанша жерден айтылғанмен, қайта қаулап шығатын қаржылық пирамидаларға тосқауыл бола ма?
Қаржылық пирамида дерегі бойынша бүгінде ішкі істер органдарында 65 қылмыстық іс қаралып жатыр. Олардан зардап шеккендерінің саны 3 мыңнан асып жығылады.
Mudarabah Capital атты пирамидаға 20 млн-нын құйып, артынан сан соққан келіншек жайлы апта басында ақпарат құралдары жарыса жазды. Ол бұған дейін де ұйымды жарнамалаған вайнерлерді жазалауды талап еткен еді. Бұнысынан ешнәрсе өнбеген соң, ашынған әйел Ішкі істер министрлігінің алдында өз-өзін өрттеуге дейін барды.
Бұл жайт депутаттардың тиісті ведомстволарға арнайы сауал жолдауына себеп болды.
Юрий Ли, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
– Қаржылық пирамидалардың қызметіне заң жүзінде тыйым салынғанын бәріміз білеміз. Бірақ адамдар бәрібір оңай пайда табамыз деп, күмәнді жобаларға ақша құйып, жаңылысып жатады. Алаяқтар олардың аңғалдығын пайдаланып, жиған-тергені мен дүние-мүлкінен айырды, көбін қарызға батырды. Бұл да халықтың қаржылық сауатының төмен болуына байланысты. Мұндай енді қайталанбас үшін алаяқтықтың салдарымен ғана емес, оның алдын алу бойынша жұмыс істеуіміз керек.
Осыған жауабы болса керек, кеше Бас прокуратура үкіметтік порталға қылмыстық заңнаманы оңтайландыруға арналған заң жобасын жүктеді. Жоба қаржылық пирамиданы құрып, жеке және заңды тұлғалардың қаражатын, мал-мүлкін тартқаны үшін және оны қайта бөлу жолымен жүйенің кей қатысушыларын басқалардың есебінен байытумен айналысатындарға жазаны күшейтуді көздейді. Айта кетерлігі, кесілетін жаза пирамидаға тартылған адам саны мен қаржысына қарай тағайындалады. Тізіп айтсақ, 5 мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшеріндегі айыппұл, не соған пара-пар түзеу жұмыстары. Не болмаса 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар және мүлкін тәркілей отыра 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Ал егер алаяқтар қайтадан ескі әніне басса, немесе қызметтік бабын пайдаланып, адамдарды алдаса, не болмаса халықтан аса ірі мөлшерде қаржы тартса, онда 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалады. Ал қитұрқы әрекетке тұтас бір қылмыстық топ мемлекеттік қызметшілер барса, онда жаза 8 жылдан 12 жылға дейін ұзартылады. Мүлік тәркіленеді.
Алайда түрленіп, қайта қаулап шыға келетін пирамиданың тамырына балта шабу үшін бұл жеткілікті ме?
Тілеужан Кішкенебаев, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты:
– Құзыретті органдар айыпты тағады да, істі сотқа жолдайды да, сот үкім шығарады да болды біз жұмыс істедік дейді. Ал неге сол күдіктеніп отырған айыпталушының туысқандарын, оның ағайын-жекжаттарын тексермеске? Неге қаражаттың қайда кеткенін анықтамасқа? Мысалы, шенеунікке айып тағылатын болса, ол адамның бүкіл үрім-бұтағын тексеріп, кімнің атында қандай мүліктің сақталғанын, бәрін анықтайды. Тек қана мемлекеттің мүлкіне солай жасайды, ал қарапайым халық үшін неге солай жасамасқа?