Қызыл кітапқа енсе де қараусыз қалған итбалықтың жайын кім ойлайды

Жалпы, жергілікті тұрғындар итбалық өлексесі Каспийдің жағасында жылда шашылып жататынын айтады. Теңіз жануары Қызыл кітапқа енсе де, бұл жағдайға халықтың еті үйреніп кеткен көрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Содан болар, қоғамда бұрынғыдай қызу талқыланбайды. «Итбалықтың өлексесі Каспийдің жағасында шашылып жатыр» деп халық жыл сайын дабыл қағады. Соңғы жылдары мұндай жаңалыққа етіміз өліп кеткен сияқты. Бірақ қайткен күннің өзінде бұл мәселе назардан тыс қалмауы тиіс. Түлен дейміз, итбалық дейміз, Каспийді мекендейтін сүтқоректінің жалғыз түрі бар. 2000 жылдан бері қарай жаппай қырылу дерегі жағаны ұстатады. Мысалы 2006 жылы 300-ден астам итбалықтың қырылғаны мәлім болды. Құзырлы ведомство талдау жасап, «оба дерті вирусынан қырылуы мүмкін» деген қорытындыға келген. Алайда дәл сол жылы бекіре тұқымдас балық та жаппай қырылған еді. Сонда теңіз табанындағы мұнай өндірісінде болған апат негізгі себеп ретінде қарастырылғаны мәлім. 2007-де мыңға тарта итбалықтың өлексесі табылды. 2009 жылы кей дерек бойынша 350 түлен қырылған. 2011-2013 жылдары да итбалықтың қырылу дерегі тіркелген. 2017 жылы 250-ге жуығы қырылды.

Итбалықтың өлімі неден болғанын анықтау үшін зертханалық талдау жасалады. Оның нәтижесі әрине жуық арада жарияланбайды. Екі арада уақыт өткенше дабыра басылып, сараптаманың қорытындысы туралы ұмытылып кете ме? Әлде мүдделі тараптар жасыра ма? Әйтеуір итбалықтың қырылу себебі ескерусіз қалатын сияқты.

Түрлі себепті айтып, экология қорғаушыларының да ойы сан-саққа жүгіреді. Десе де, талдау қорытындысы шықпайынша, әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ. Бұл ретте кей экобелсенді табиғаттың заңдылығын ескерген жөн дейді.

Сәкен Ділдахмет, экобелсенді

Қыстан шыға алмай, өліп қалатындары бар. Солардың өліктерін толқын жағаға шайып тастайды. Басқа себебі – сүтқоректілер мұзжарғыштардың астында қалып қойды. Әдетте, итбалықтар мұз үстінде көбейеді. Ал мұзжарғыш кемені басқаратындар жан-жағына қарамайды, оларға бәрібір. Үшінші себебі – аурулар. Осыдан шығар тағы бір мәселе – Каспий теңізінің экологиялық жүйесі су жануарларының өмір сүруіне лайық па? Міне, осыны зерттеу керек.

Итбалықтың 60 мың популяциясы бар Қазақстанда қырылу себебін анықтау оңай емес. Өйткені әртүрлі уақытта өлген соң шіріген өлексенің токсикологиялық, гистологиялық және вирусологиялық талдауы нақты себебін көрсетпеуі мүмкін. 

Хош, қырылған жануарға енді ешнәрсе істей алмаспыз. Десе де қолда барын сақтап қалуымыз керек қой. Гидробиология және экология институты зерттеу жүргізіп, су жануарының басым бөлігі Каспийдің қазақстандық бөлігінде көбейетінін анықтаған.

Ал сол популяцияның қазіргі жағдайы, денсаулығы, қандай вирусты жұқтыру ықтималдығын анықтау үшін іргелі зерттеу керек. Ғалым Әсел Баймұқанованың айтуынша, сол кезде ғана, өлген итбалықтың ағзасына қарап, қандай да бір қорытынды жасауға болар еді.

Иә, Қызыл кітапқа енгендіктен итбалықтың тіршілік ортасын, популяциясын жіті бақылау заңды құбылыс болуы тиіс. Алайда ғалымдар бюрократияға тап болды. Бұлай боларын олар алдын ала болжап еді.

Әсел Баймұқанова, гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері:

– Қызыл кітапқа енгізілген жануарларды зерттеу үшін біздегі нормативтік-құқықтық база дайын емес болып шықты. Өкінішке қарай, біз әлі де жануарды аулап, үлкендігін, жыныстық құрылымын, миграциясын белгілеу мақсатында тиісті рұқсат ала алмай отырмыз. Қазір ҚР Үкіметінің қаулысына қол жеткізу үшін балық шаруашылығы комитетімен жұмыс істеуге мәжбүрміз. Екіншіден, сол қаулы негізінде рұқсат алу механизмін ойластыру қажет.

Осылайша, бюрократияның салдарынан былтыр күзде ғалымдар зерттеу жүргізуге рұқсат ала алмады. Енді биыл қол жеткізсек деп үміттеніп отыр. Сонда жануардың санын сақтап, қатерден қорғауда оның Қызыл кітапқа енгені кедергі болғаны ма? Иә, ерекше қорғаудағы итбалықты өлтірген үшін қазір 9 млн теңге айыппұл салынады. Анығында, Қызыл кітап қырылудың салдарымен күресудің амалын айқындап берген. Ал сақтап, көбейтудің ғылыми және құқықтық негізіне қайшы кеп тұр.