Алматылық студенттер күн энергиясын бақылауға арналған тың жоба ұсынды

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері күн энергиясын өндіруді бақылауға арналған VOLT бағдарламалық жүйесін әзірледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба авторы Әбдірахым Асанның айтуынша, бірегей жүйе күннен алынатын қуатты арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, бағдарламалық жүйе арқылы әр панельді күн сәулесінің түсуіне қарай оңтайлы орналастыруға болады. Ол үшін тиісті кодты енгізсе жеткілікті, - дейді жас ғалым. Онда 2 негізгі көрсеткіш пайдаланылады, яғни орын мен уақыт. Жас өнертапқыш жобаны АҚШ-тың Сан-Франциско және Кенияның Найроби қалаларында орналасқан күн панельдерінде сынақтан өткізген. Нәтижесінде күн энергиясын 30-50%-ке көп алуға болатынына көз жеткізген. Әбдірахым Асан енді жобаны жасанды интеллектің көмегімен басқаруды жетілдіруде. Яғни, жасанды интеллект арқылы ауа-райының көрсеткіштерін ескере отырып, күн сәулесінен барынша көп энергия өндіруді оңай басқаруға болады.

Әбдірахым Асан, жоба авторы:

- Біздің әзірлеген жүйеміз күн батареясын қай жерге қоюды өзі көрсетеді. Яғни, күн қуатын пайдалану көлемін ұлғайту үшін қажетті нүктені анықтап береді. Бұл кодты мобильді және стационарлы панельдерге енгізуге мүмкіндік бар. Және жасанды интеллект көмегімен ауа райының қолайсыздығынан болатын шығандарды азайтып, энергияны көбірек өндіруді басқара аламыз.