Тепловоз бен автобустың соқтығысуы: зардап шеккендер саны артты

Алматыда тепловоз бен автобустың соқтығысуынан жеті адам зардап шекті, деп хабарлайды 24kz.

Апат бүгін түске таман мегаполистің Алмалы ауданында, Ауэзов және Гоголь көшелерінің қиылысына жақын маңда болды. Бұл жерде бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорын мен түрлі қоймалар орналасқан. Оларға жүктер теміржол тармағы арқылы жеткізіледі. Апат тепловоздың автомобиль жолын кесіп өтіп жатқан сәтінде болды.

Оқиға болған жерде қазір тексеріс жүріп жатыр. Бұл маңда ірі қоймалар бар. Тепловоз сол қоймаларға зат тасиды. Куәгерлердің айтуынша, теміржол ережесі бойынша пойыз құрастырушысы өткелге шығып, тоқта деген белгі берген. Тепловоз да, басқа автокөліктер де тоқтап тұрған. Автобус қана жүрісін бәсеңдетпей, өтіп кетпек болған. Сол кезде құрастырушыдан «жүре бер» деген хабарлама алған тепловоз жүргізушісі қоғамдық көлікті келіп соққан.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- №88 маршруттағы қоғамдық көлік Әуезов көшесімен солтүстіктен бет алып бара жатқан кезде тепловозбен соқтығысты. Тепловоз батысқа қарай бет алып бара жатқан. Қазіргі таңда мәлім болғандай, қоғамдық көліктің жүргізушісі жол жүру ережесінің бірқатар нормаларын өрескел бұзу салдарынан осындай жол-көлік оқиғасына оның іс-әрекеттері әкеп соқтырды.

Жол апатынан 7 адам ауруханаға жеткізілді. Арасында 80 жастағы жолаушы бар. Оның оң жақ қабырғасы мен білегі сынған. Ол қаладағы жедел шұғыл көмек көрсету аруханасына жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр бірақ тұрақты деп отыр. Тағы бір адам көпбейінді клиникалық ауруханаға жеткізіліп медициналық тексерістен өтіп жатыр. Қалған бес жолаушыға амбулориялық ем қабылдауға кеңес беріліп, үйлеріне қайтарылды.

Амир Гановизи, Алматы қаласының тұрғыны:

- Менің дүкенім тура осы жерде. Қатты дыбысты естіп, бірден далаға шықтым. Жол апатын көрген соң көмектесуге ұмтылдым. Автобустың ішінде көбіне әйел адамдар болды. Бәрі қорқып қалған. Сыртқа шығаруға көмектестік. Содан кейін жедел жәрдем мен полиция келді.

Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Жол апатына қатысты бірнеше сараптама тағайындалды. Апаттың толық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Айтуларынша, дәл осы жерде көлік пен тепловоздың соқтығысуы алғаш рет тіркеліп отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев