Ақтөбе облысында жыл басынан бері 13 адам өрттен қаза тапты

«Көп жағдайда қарапайым қауіпсіздікті сақтамаудың арты қайғылы оқиғаға ұласады», - дейді мамандар.

Әсіресе, тозығы жеткен ескі үйлердің электр желілерінен қатер көп. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті өкілдері барак типті баспаналарды аралап, тұрғындарға сақтық шараларын еске салды.

Өткен сенбі күні облыс орталығында бір мезетте 5 баспананы жалын шарпыған. Шаһардың «Горпитомник» аталатын шағынаудандағы бұл барак типті үйлердің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Бір шатыр астындағы 5 отбасы далада қалды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 20 адамды, оның ішінде 8 баланы апаттан арашалады.

Әния Файзулина, қала тұрғыны:

- Менің төбем де кетіп жатыр екен. Балалар келіп шығарды. Екі кішкентай баланы көтеріп алып шықты ұйықтап жатқан жерінен. Сосын өзімді де шығарды. «Апа тездетіп шығыңыз, астында қаласыз», - деп. Шықсам, мына жерде шифрлар атылып, сынып жатыр барлығы. Демде көтеріліп кеткен өрт деген.

Санаулы минут ішінде жалын 200 шаршы метр аумаққа жеткен. Баспананың шатыры түгел өртеніп, ортасына түсті.

Евгений Овчарский, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Бұл оқиғаға электр тоғының қысқа тұйықталуынан болған. Жарық сымдары тиісті қысқышсыз жалғанған. Желіге жүк түскенде қызып, қысқа тұйықталудың салдарынан, ұшқын шыққан.

Өңірде мұндай тозығы жеткен 32 баспана бар. Тұрғындары жаңа пәтер кезегіне тіркелгенімен, бұл санатқа арналған ғимараттардың құрылыс қарқыны мардымсыз. Сондықтан апатты үйлерді құтқарушылар жіті бақылауға алған.

Айбат Жаңабергенов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Соңғы 3 жылда осы үйлерде оннан астам өрт тіркелді. Қосымша көптеген шығын келді. Адам шығыны болған жоқ. Енді осы адам шығынын алдын ала болдырмау мақсатында қазіргі таңда осында тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Осы жерге мына «ҚазТрансГазАймақ», «Энергосистема» мекемелері өкілдерін шақырып отырмыз. Қолдан келсе, мәселелерді сол кісілердің көмегімен шешуді қарастырып отырмыз.

Жалпы жыл басынан өңірде 469 өрт оқиғасы тіркелді. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары олардың саны былтырмен салыстырғанда 4,7% көбейгенін айтады. 13 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Сондықтан құтқарушылар қауіпті үйлердің кіреберісіне ескертпелер іліп, пәтер иелеріне дабыл жүйесін таратты.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов