Мәулен Әшімбаев Португалия Ассамблеясының Төрағасымен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Португалия Ассамблеясының Төрағасы Жозе Педро Агиар-Бранкумен кездесті.

Таяуда қазақстандық бір топ депутат жұмыс сапарымен сол елге барған. Мәулен Әшімбаев Ассамблея Төрағасымен кездесуде екі елдің көп жоспарлы ынтымақтастығының мәніне назар аударды. Сондай-ақ ол парламентаралық байланыс екі жақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңызды тетігі екенін айтты. Кездесуде тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту мәселелерін талқылады. Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта экономиканың түрлі саласына шетелдік инвестиция тартуға мүдделіміз, - деді. Сондай-ақ Қазақстан Португалияның жасыл энергетиканы енгізу тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытатынын жеткізді. Қазақстан делегациясы Португалия Республикасына жұмыс сапары аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының Жаһандық форумына қатысады.