Әннің де есері бар...
«Әннің де естісі, есері бар...». Бұрын солай дейтін, қазір қалай? Жастарды қайдам, Шәмшіні естіп өскен үлкендер жағының құлақ құрышы қанбайды.
Өйткені бір-біріне ұқсайтын әндер қаптады. Қынжылтатыны мәтіннен мән, әннен әр кеткен.
Лұқпан Жолдасов, әнші-композитор:
- Осындай өтірік өлеңдер көп. Тәуірлері де кездесіп қалып жатады. Бізде енді тыраштанып ән шығарамыз арасында. Біраз әндеріміз бар. Бірақ біз көбіне әдемі шығуға тырысатын едік. Қазір мынау халықтың өзі алып кетеді, құлағында қалып кетеді деп мынандай үш аккордты тауып алған. Осы үш аккордпен шығарамыз, халыққа сол тез жатталады дейді. Солай ұрып жатыр қазіргілер.
Әннің жүрекке жетіп, көңіл көгінде қалықтауы, одан тыңдарман жалықпауы тиіс.
Блиц:
- Сөздерінің мағынасы бар, стилінің мағынасы бар әндер ұнайды. "Қызыл раушан", "Балқияны" тыңдаймыз.
- Әсіресе русрок немесе классикалық музыканы тыңдаймын.
- Біздің қазақша әндер ұнайды.
Ел іші өнер кеніші. Хас әншілер бар. Тәуір композиторлар бар. Тек әнші көп, композитор аз. Сондықтан қолынан келсін, келмесін қасиетті өнерге әркімдер үйір.
Жеңіс Сейдоллаұлы, Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры:
- Қазіргі жас композиторларда ұқсастық бары бар енді. Қазір информация көп қой. Шетелдің музыканттарын көп тыңдағаннан кейін музыканың мәнері де стилі де соларға ұқсап кетеді. Ең бастысы плагиат болмаса болды.
Лұқпан Жолдасов, әнші-композитор:
- Венгрлердің, Румындардың әндерін алып, қазақша сөздерін жазып, қырғыз ағайындар мен өзбек ағайындардан біраз әндерді алып. Сөйтіп-сөйтіп жан-жақтан жинай бастады әндерді. Неге қазір әнші көбейіп кетті. Әу дегеннің бәрі әнші болып жақсы болды мынау. Ешқандай електен өтпейді. Баяғыдай қарап жатқан ешкім жоқ.
Ән түзелді, тыңдаушым сен де түзел деп айтатын күн бола ма, болмай ма, белгісіз. Белгілісі ән деуге ауыз бармайтын, дәлдүріш дүниелерді сылып тастайтын сүзгі қажет. Көркемдік кеңес құрылуы керек. Сол кезде Шәмші, Әбілахаттар қайта туар бәлкім?
Қалдыбек Құрманәлі, композитор:
- Қалдаяқов дейтін композитордың дүниеге қайтып келмейтіні ол анық. Бірақ заман өте келе Шәмші Қалдаяқовтың әндері сияқты ән жазатын басқа да композиторлар келіп тұрады. Мүмкін емес. Кезінде Ақан Сері туылды, Біржан сал туылды. Одан кейін Тілендиевтер, Әбілахат Еспаевтар дүниеге келді ғой. Сол сияқты келе береді. Қазақ халқы тұрғанда таланттар туыла береді. Бірақ біз ненің не екенін анықтап алуымыз керек. Оны атқаратын бірден-бір мекеме көркемдік кеңес болуы керек.
Ия, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. «Талай халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген жастарымыз, қазақты әлемге танытқан Димаштай асылымыз бар. Жалпы сахна саңлақтары жанды дауыста ән шырқауға қарсы емес», - дейді әнші, композитор Жеңіс Сейдоллаұлы. Тек көбіне аппаратура сапасының төмендігі кері әсерін тигізеді. Сондықтан көбісі фонограмамен айтуға мәжбүр.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Өрден Жарқын