Алматыда жаңа квинтеттің тұсауы кесілді

Мәдениет және ақпарат министрлінінің қолдауымен құрылған Мемлекеттік академиялық классикалық гитаристер квинтеті «БасТау» атты алғашқы концертін берді.

Тыңдарман қауым Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» мен «Әлқиссасын» жаңа форматта тыңдады.

Гитара үнімен нәзік орындалған «Құстар әні» саксофон мен вокалистердің сүйемелдеуінен кейін басқа реңке ие болғандай. Жаңа форматтың авторы - Бауыржан Жылқыбаев. Мемлекеттік академиялық классикалық гитаристер квинтетіндегі әр музыканттың міндеті айқындалған.

Ақбар Қиарыстан, квинтет мүшесі:

- Мен мысалы ритм гитарада, Асан бізде екінші дауыста ойнайды. Бастысы Бауыржан Жылқыбаев жетекшіміз. Ұланның бас партиясы өз алдына. Солай құрылып келе жатырмыз, шүкір. Әрқайсының өз ерекшеліктері бар.

«БасТау» кешінде квинтеттің жеке композициялары да орындалды. Қазір топтың  музыкалық қоржынында «Amigo», «Kazakh rumba», «Қайырлы таң», «Nomads» сынды авторлық туындылары бар. Жігіттер әлемдік хиттарды да нақышына келтіре білді. Жамбыл атындағы филармонияның басты мақсаты – гитараға қызыққан таланттыларды бір арнаға тоғыстыру.

Ақан Әбдуәлі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры:

- Үлкен оқу орындарында, колледждерде бізде гитара кластары бар. Сол жерден студенттер бітіріп шығады. Бірақ олар мектептерде сабақ береді, басқа сондай сабақ беретін жерде жұмыс істейді. Былай концерттік ұйымдастыруларда олар істемейді.

Дәстүрлі және әлемдік композициялардың жаңаша орындалуы тыңдарман көңілін тапқандай. Қонақтар бір жарым сағаттық концертті тапжылмай тамашалады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев