ШЫҰ саммиті: Шетелдік сарапшылар не дейді
Шетелдік сарапшылар Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етудегі еңбегін жоғары бағалап, саммитке қатысты пікір білдіріп жатыр.
Астана ұйымға төрағалық еткен бір жылда өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды дейді олар.
Әлемде геосаяси ахуал өршіп, қарулы қақтығыстар белең алған тұста Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Осындай сындарлы сәтте еліміз бітімгерлік пен бейбітшілікке бастайтын тың ұсыныстар жасай білді. Сирия сойқанын тоқтатуға бағытталған Астана форматы, Әзербайжан мен Арменияның Алматыдағы келіссөзі соның дәлелі.
Түрік сарапшысы Эмрах Каяның айтуынша, Қазақстан Азия аймағымен қатар әлемдік саясат пен жаһандық жүйеде бейбітшілік пен ынтымақтастыққа белсенді атсалысып келеді. ШЫҰ саммиті осы бағыттағы істерді күшейте түседі, дейді ол.
Эмрах Кая, Халықаралық қатынастар бойынша тәуелсіз сарапшы: /Түркия/
- Қазақстан көптеген халықаралық келіссөздердің орталығына айналды. Соның бірі – Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті. Халықаралық қауымдастық басқосу әлемдегі диалог пен бейбітшілікті нығайтады деп сенеді. Қазақстан Азия аймағымен қатар әлемдік саясат пен жаһандық жүйеде бейбітшілік пен ынтымақтастыққа белсенді атсалысып келе жатқан мемлекет екені бәріне аян. ШЫҰ саммиті осы бағыттағы істерді күшейте түседі. Себебі кездесуде терроризм, экстремизм және есірткіге қарсы күрес бойынша маңызды шешімдер қабылданады.
Осы уақытқа дейін еліміз әлемдегі жетекші ұйымдардың төрағалық тізгінін ұстады. Былтыр Шанхай бірлестігінің мүшелері дәл осы міндетті біздің елге сеніп тапсырды.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан бұл істі абыроймен атқарып шықты. Бір жылда 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Олардың ішінде энергетикалық, туристік форумдар, Сыртқы істер министрліктері мен шекара ведомстволары басшыларының, Денсаулық сақтау және цифрлық даму министрлерінің отырысы бар.
Александр Лукин, Халықаралық зерттеулер институты Қытай, Шығыс Азия және ШЫҰ орталығының директоры: /Ресей/
- Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі және еуразиялық жобалар бойынша әрдайым белсенділік танытады. Мәселен, былтырғы саммитте Қазақстан президенті тұтас бір бағдарлама ұсынды. Ол қауіпсіздік пен экономикадан бөлек, энергетика және мәдени салаларды қамтыды. Мұның бәрі алдағы уақытта жүзеге асады деп сенеміз.
Сарапшылардың айтуынша, Астанада өтетін саммитте Қазақстанның ұйымды жетілдіруге бағытталған ұсыныстары ескеріліп, халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне баса назар аударылады.