Сарапшы: ШЫҰ тұрақтылыққа жол ашады
«Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аймақта тұрақтылыққа жол ашады. Оның мүмкіндігі мен мандаты әлдеқайда кең».
Өзбекстандық саясаттанушы, "Ma'no" (Мано) зерттеу бастамалары орталығының директоры Бахтияр Эргашев арнамызға берген сұхбатында осындай пікірін білдірді. Ол ұйым тек қауіпсіздік мәселелерін реттейтін емес, экономикалық һәм инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілететін алаң екенін айтады.
Дәл қазір бізбен Ташкенттегі меншікті тілшіміз Рауан Мыңбаев тікелей байланысқа шығып тұр. Рауан армысыз! Өзбек қоғамында Астана саммиті жайлы тағы қандай пікір айтылып жүр?
Мұндай деңгейдегі басқосу оңтүстік көршіміз үшін де аса маңызды. Себебі ұйым тұтас Еуразия кеңістігі, оның ішінде Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашады.
Бірлестік жан-жақты диалог алаңына айналып келеді. Астанадағы саммит соның нақты дәлелі. Оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше ғана емес, басқа да бақылаушы және диалог бойынша серіктес елдердің басшылары жиналған. Жиын аясында Қазақстан тарапы ұсынып отырған әділдік пен бейбітшілік туралы бастама қолдау тауып, бірқатар маңызды құжат қабылданбақ.
Енді осыған қатысты өзбек саясаттанушыларының пікіріне тоқталсақ. Солардың бірі – Бахтиёр Эргашев бізге берген сұхбатында Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен НАТО-ны бір-біріне бәсекелес қою жаңсақ пікір екенін айтты.
Бірлестіктің қандай да бір әскери блокқа қарсы әрекет ету жоспары жоқ. Керісінше Қазақстанның ұсынып отырған тұжырымдамасы бейбітшілікке үндейді дейді. Сарапшының пайымдауынша, Шанхай тоғыздығы қауіпсіздік, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты қатар ілгерілетіп жатыр. Мұның барлығы елдер арасындағы байланысты нығайтып, қоғамға қажетті әлеуметтік жобаларға инвестиция тартуға септігін тигізеді.
Бахтиёр Эргашев, "Ma'no" бастамаларды зерттеу орталығының директоры:
- Ұйымның мүмкіндігі де мандаты да көп. Ол тек қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп реттеумен айналыспайды. Қазір Еуразия кеңістігінің жаңа инвестициялық және экономикалық қалпын қалыптастыруға да ден қойды. Соңғысы НАТО-ның құзыретіне кірмейді. Бұл жерде қандай да бір мемлекет немесе блокқа қарсы әрекет ету жоспары бекітілмейді. Керісінше жаһандық деңгейде әділдік пен тепе-теңдікті көздейтін Қазақстан ұсынып отырғандай бастамалар көтеріледі.
Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы 2001 жылы құрылған. Қазақстан мен Өзбекстан оған әуелден мүше. Қатары содан бері едәуір кеңейді. Ұйымның кей халықаралық диалог алаңдарынан айырмашылығы көпжақты негізде жұмыс істейді. Бұған дейін оның бар міндеті Орталық Азия өңіріндегі мәселелерді шешуге бағытталса, қазір еуразиялық кеңістікті қамтуға көшкен. Яғни Шанхай тоғыздығы ғаламдық деңгейге шығып, ондыққа айналатын уақыты алыс емес. Қазақстан төрағалығы осындай ерекшелігімен есте қалмақ.
Өзбекстандық сарапшылар ұйымға біздің ел жетекшілігін жоғары бағалап қана қоймай, оның барысында қабылданған шешімдердің маңызы алдағы жылдары да арта түсетінін айтты.
Рауан Мыңбаев, 24.KZ, Өзбекстан