АЭС құрылысының маңызы жоғары| сарапшылар
Алдағы уақытта еліміз энергетикалық дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр.
Ал оның шешімі ретінде «Атом электр станциясын салу керек» дейді. Сарапшылар тіпті оның бой көтеруі үшін ел аумағын зерттеп, тиімдісін анықтаған. Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңайы барлық талапқа сай екен. Оның тиімділігі неде?
Альмира Оразбай, тілші:
- Елімізде электр энергиясы тапшы. Ол әсіресе оңтүстік өңірлерде байқалады. Мәселен бір ғана Алматы облысы тұрғындарының қуатты тұтыну көлемі 600 мегаватт шамасында. Алайда өңірде тек 300 мегаватт өнідіріледі. Қалған қуат көзі импорт есебінен басқа аймақтардан тасымалданады.
Ержан Әділет, облыстық Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
- Өсу динамикасы қазір байқалуда. Яғни күннен күнге энергия тапшылығы артып барады. Себебі үлкен өндірістік кәсіпкерлер де, жалпы халық санының өсуіне байланысты энергия қажеттілігі артуда. Мысалы, былтыр 550-580 мегаватт болса, биыл осы көрсеткіш 600 мегаватқа жетті. Яғни жыл сайын 30-50 мегаваттқа дейін қажеттілік артуда. Жалпы энергия өндіруші ұйымдарының көбі СҚО-да орналасқан, ол бәріне мәлім. Ол KEGOC АҚ желілері арқылы Қазақстанның әрбір өңірлеріне тасымалданады. Соның есебінде біздің өңірге де СҚО-дан және Жамбыл облысынан өндірілген энергия тасымалданады.
Егер Атом электр станциясы салынса, онда ол осы облыстағы Үлкен ауылында бой көтереді. Мамандар мәселені жан-жақты зерттеп, нәтижесінде осы өңірге тоқталды.
Оған екі маңызды фактор әсер етеді екен. Алғашқысы – оңтүстіктегі энергия тапшылығын жою. Бұл тұста ірі электр станцияның тек санаулы облысты емес, бүкіл елді қамтуға қүші барын айта кету керек. «Тіпті оның қуат көзін көрші елдерге тасымалдауға қауқары болады», - дейді жауаптылар.
Гүлмира Мұрсалова, ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары:
- Ең ыңғайлы жер Алматы облысы деп айтамыз, себебі электр энергия және электр энергия жүйелерінің талаптары бойынша. Мысалы Шымкент қаласына қарасақ, онда тұтыну көлемі 1,5 миллиард квт/сағ. Алматы қаласының энергия тұтыну көлемі жылына квт/сағ 8 млрд-тан астам. АЭС электр энергия қуатын өндіретін станция болған соң электр энергия тапшылығы бар өңірде салынуы керек. Сол себепті Алматы облысындағы Үлкен ауылы ең ыңғайлы деп жатыр.
Ал екінші факторы – су. Яғни Алматы облысы Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Мұнда Атом электр станциясы салынса, онда тіршілік нәрінің қажеттілгі пайда болады. Себебі нысандағы реакторды суға салып, салқындатып отыру қажет. Ол үшін станцияда арнайы қойма қарастырылады екен.
Сәкен Әтел, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің басқарма басшысы:
- Бір жүйе «қайталама пайдалану» жүйесі, орысша айтқанда, «оборотная система водоснабжения» бір циклда жұмыс істейді, жабық цикл. Су мысалы көлден алынады, циклға енгізіледі, реакторды салқындатады, қолданылған су арнайы прудқа жиналады, прудта сәйкесінше, ол да салқындатылады, қайта салқындалып, қайтадан реакторды салқындату үшін жүйеге кіреді. Объектілерінен су алынады, қайталама пайдаланылған себебінен экожүйеге қайта тасталмайды. Сәйкесінше, су объектісінен де суды аз алады, экожүйеге зиян келтірмейді.
Мамандардың айтуынша, қазір Балқаш көлінің көлемі 100-110 миллиард текше метрге жуықтайды. Бір реакторды суыту үшін 15 миллион текше метр су керек. Демек, бәрі жеткілікті әрі су тапшылығы болмайды.
Сәкен Әтел, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің басқарма басшысы:
- Қазақстанға келіп құятын өзендер ол трансшекаралық өзендер Қырғызстан, Өзбекстан аумағынан, Тәжікстаннан ағып келеді. Ол елдерде су объектілері негізінен гидроэнергетикалық режимде жұмыс істейді. Ол дегеніміз – олар күн салқындағанда қыста суды жинақтамай, тиісінше, электр энергиясын өңдеу үшін суды көп жібереді. Осындай да келісімдерге келуге болады. Қыста олар суды жинақтайды, біз оларға энергия береміз. Жазда бізге ауыл шаруашылығына керек кезде олар жиналған суды жіберіп отырады.
Дамыған заманда қуатсыз өмірді елестету қиын. Қыстыгүні электр желілері арқылы үйлерді жылытатын құрылғылар, компьютер мен телефон, бәріне энергия керек. Сондықтан мамандар Атом электр станциясы құрылысының маңызы жоғары деп отыр.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ербол Дайыров