18 көше тазартылды

«Қала біздікі. Тазалық өзіміз үшін...» Бүгін түркістандықтар таңмен таласа тұрып, «Таза Қазақстан» акциясына атсалысты.

Тазалық жұмыстары қаладағы 18 көшеде жүргізілді. Науқанға қаланың мыңнан астам тұрғыны қатысты. Табиғат жанашырлары қала шетіндегі индустриялды аймаққа апаратын негізгі жолдың екі қапталын қураған шөптен тазартты. Жантақ, жыңғыл басқан алқаптардың шөбін орып, тұрмыстық қалдықтарды жинастырды. Күл-қоқысты арнайы қаптарға салып, көлікке артты.

Дәл осындай жұмыстар шаһардағы Ортақ, Оралман, Шабғар мөлтек аудандарында да жалғасты. Негізгі мақсат – халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, тазалыққа, қоршаған ортаны таза ұстауға үйрету,- дейді шараны ұйымдастырған белсенділер.

Қалмырза Есетов, қала тұрғыны:

- Көшелерін таза ұстаса, аулаларын таза ұстап жүрсе, қаламыз таза қалаға айналатын еді. Соны кейбір адамдарға түсіндіре алмай жатырмыз. Бүгін 50-60 адам жабылып, көше тазартып жатыр. Бұдан 3-4 жыл бұрынғы қала емес, қазір мүлде басқа қалаға айналып кеттік. Көшемізге жолаяқ төселді, жүз пайыз жарық тартылды. Суымыз жоқ еді, су келді, газымыз да келді, кәріз жүйесі келді. Бұның бәрі халықтың игілігіне істеліп жатқан үкіметтің қамқорлығы.

Мұхтар Төлепов, қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы:

- Әр апта сайын тұрақты түрде қаланың барлық аймағын қамтитын болады. 6 секторды тұтас. Жыл соңына дейін дәстүрлі түрде жүргізіледі. Бұл қала тұрғындарының бастамасы, бұл жерде әкімдік тек ұйымдастырып, техникамен қамту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізгі басым бөлігі қала тұрғындарының өздері осы іс-шараға қатысуда.