Киелі орындар тазартылды
Қостанай облысының Науырзым ауданында киелі жерлер географиясының тізіміне енген төрт нысан бар.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында көпшілік басына барып, тәу ететін сол қасиетті орындардың айналасы тазартылды. Бұл шараға жасы бар, жасамысы бар қырық шақты адам қатысты. Одан бөлек ауыл маңындағы бұлақ көздері аршылды.
Науырзым ауданында күре жолдан 18 шақырым шет жатқан Қоянақ әжей кесенесіне келушілер көп. Солардың дені халық арасында емшілігімен танылған әз әулиенің басында түнеп жатып, дертіне дауа тілейді. Аудандық мәдениет бөлімі осындай киелі орындарды тазартып, тәртіпке келтіруге бастамашы болған.
Гүлнәр Ақсауытова, Науырзым ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
- Төрт киелі жеріміз бар. Тарихи орындарға шықтық. Ұлы отан соығысының ардагерлерінің ескерткіштеріне тазалық жұмыстарын өткіздік. Жәй ғана тазалық жұмыстары емес, оның ішінде танымдық сағаттары да өтті қасында.
Тазалық акциясына Қоянақ әжей кесенесіне біршама жақын Шолақсай, Шилі ауылдарының тұрғындары да атсалысты. Барлығы қырық шақты адам сол маңның шөбін шауып, шаңын сүртіп, сыпырып-сиырып шықты. Мұндай жұмыстар ауыл ішінде де жүргізіліп жатыр.
Жұмағали Ағзамов, Шилі ауылының тұрғыны:
- Көшемізді тазартамыз. Күл-қоқыстар шығарылады. Біздің ауылымызда бұлақ көздері көп, бұлақ көздері ашылады. Үлкеніміз бар, кішіміз бар бәріміз тазалық акциясына қатысып, өзіміздің еліміз, өзіміздің туып, өскен жеріміз ғой әрқашанда тазалықта болуын қалаймыз.
Айта кетелік, аудан орталығындағы Докучаев орта мектебінде экологияны қорғау – оқу бағдарламасының басым бағытының бірі. Өздеріне жақын тақырып болғандықтан мектеп оқушылары «Таза Қазақстан» акциясында аса белсенділік танытқан.
Әзила Омарова, Докучаев жалпы білем беру мектебі директорының орынбасары:
- Сәуір айынан бергі аралықта біраз жұмыс атқардық. Осы «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Саябақтар маршы», «Керемет гүлзар» деген бірнеше жобаларды жүзеге асырдық. Оған сексенге жуық оқушы қатысты. 250 түп көшет егіп, мектеп ауласын гүлбаққа айналдырдық.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бергі аралықта облыс бойынша елді мекендерден, жағажай, көпшілік орындардан 160 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, 24.KZ, Қостанай облысы