Қазақстан онлайн қызмет көрсетуден әлемдік топ-10 тізімінде

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу қазір ешкімге таңсық емес. Әлемнің кез келген нүктесінде отырып-ақ қажет құжатқа әп-сәтте қол жеткізе аласыз. Ғаламтордың ғаламаты бұл. Қазақстан осы онлайн қызметте көш бастап тұр. БҰҰ-ның мәліметінше интернет арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын бағалайтын индексте Қазақстан ең үздік 10 елдің қатарына кірген. Оңтүстік Корея, Дания, Эстония сынды алып мемлекеттер алдыңғы лекте. Одан кейін Сауд Арабиясы, Украина, Сингапур, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия. Ал біз Жапониядан кейін жайғасыппыз. Жаман емес. Біздегідей нәтиже ТМД елдері арасында ешкімде жоқ. Көршілес Ресей 56, Өзбекстан 59, Қырғызстан 89, іргедегі Түрікменстан 172-ші сатыға тұрақтаған.