Жетісуда қар құрсауында қалған 11 адам құтқарылды

Жетісу облысында қар құрсауында қалған 11 адам құтқарылды.

Оқиға Алакөл ауданындағы «Үшарал-Достық» бағытында болған. Құтқарушылар жол талғамайтын "Трэкол" техникасының көмегімен жабық учаскеден 5 көлікті алып шықты. Жолаушылардың барлығы Достық станциясына жеткізілді. Олардың үшеуі бала. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұдан кейін құтқарушылар қауіпті аймақтарды тағы бір аралап шықты. Төтенше жағдайлар министрлігі сапарға шықпас бұрын автомобильдің техникалық жағдайын тексеріп, ауа райына мұқият болуды ескертеді.