Саясаттанушы: Астана өңірлік дипломатия орталығына айналды

Астана өңірлік дипломатияның орталығына айналды. Алдағы жылы саяси аренадағы белсенділігіміз арта түседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде жарияланған сұхбатын саралаған саясаттанушы Мұрат Шамилов осылай деді.

Оның айтуынша, Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету кезеңінде ауқымды жобаларды жүзеге асырды. Сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық жандандана түсті. Саясаттанушы Президенттің сөзіне сүйене отырып, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады деп топшылайды. Оған қоса, елдің халықаралық аренадағы мәртебесін нығайту, инвестиция тарту ісінде серпіліс күтеді.

Мұрат Шамилов, саясаттанушы:

- Елде әр жылдың басы дәстүрлі түрде Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінен басталады. Биыл бұған «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында куә болдық. Президент негізгі жетістіктерді атап өтті. Атап айтсақ, былтыр көршілерімен қарым-қатынас нығайып, Астанаға бірнеше әлемдік көшбасшылар келді. Ауқымды жиындар өткізіп, ірі ұйымдарға төрағалық еттік. Соның ішінде Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төрағалық еткенімізді және Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізгенімізді ерекше атап өтуге болады. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер үшін тарихи оқиға болды.