Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза күшейтілді

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін тағайындалатын жауапкершілік қатаңдатылды. Қазір «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деп отыра беретін уақыт емес. Енді отбасы мүшелеріне күш көрсетіп, денсаулыққа ауыр зиян келтіргендер 6 жылға дейін түрмеге қамалады. Яғни жазалау мерзімі екі есе ұзарды. Сондай-ақ, әкімшілік шара ретінде кемінде 5 тәулікке қамалады. Жағдай қайталанса, бұл мерзім 25 тәулікке дейін көбейеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша соңғы төрт жарым жылда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 870-ке жуық адам көз жұмған. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін жаза қатаңдатылды.