Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңеске төрағалық етті

ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынға министрлер кабинеті мен облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, Парламент қос палатасының төрағалары және мәслихат хатшылары қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауы өткенін, Үкімет қайта жасақталдығын атап, бұл ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деді. Билік тармақтарының тепе-теңдігі орнықты. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құру керек, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз. Мен Парламент сессиясының ашылуында заңнамалық тұрғыдан шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өттім. Ал бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Осы басқосуға мәслихаттардың өкілдері қатысып отыр. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады.