Президент Иорданияға ресми сапармен барды
16 жылдан кейінгі алғашқы сапар. Бүгін Қазақстан Президенті ресми сапармен Иордан Хашимит Корольдігіне барды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды мәселелер қаузалатын жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізетін болады. Арадағы әріптестік жайын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жайын талқыламақ. Таяу Шығыстың қақпасы саналған Иордания елімен қай бағытта ынтымақтастықты арттыруға болады?
Иордания – әлемдік сахнада үлкен маңызға ие елдердің бірі. Азия, Еуропа және Африканың түйіскен жерінде жатқан бұл мемлекет – Таяу Шығыстың қақпасы. Қазақстанның осы аймақтағы сенімді серіктесі. Иордания Таяу Шығыстағы тұрақсыздық ошақтарының арасында бейбітшілік пен қауіпсіздіктің аралы болып қала береді. Жалпы Қазақстанмен ортақ мүдделері де ең алдымен бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Астана мен Амман. Бір-біріне бауырлас қалалар. Мұндай келісімге осыдан 20 жыл бұрын қол қойылған. Бүгінде қос мемлекет әлемнің саяси сахнасында өзара ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестіктің үлгісін көрсетіп келеді. Тұрақтылықты ту еткен Қазақстанның ұстанымы Иорданияның позициясымен үндеседі. Бұл әсіресе Палестина мәселесінде айқын байқалады. Биыл қаңтар айында Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы Қазақстанмен және ИЫҰ-ға мүше өзге елдермен бірге Газа секторына 200 тонна ұн тиелген 12 жүк көлігінен жөнелткен болатын. Гуманитарлық көмекті Иордан Хашимит қайырымдылық ұйымы жүзеге асырды.
Хасан Әл-Момани, Иордан университеті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығының директоры:
- Қазақстан Таяу Шығыстағы ахуалға қатты алаңдайтынын білеміз. Ұзақ жылға созылған қақтығыстың шешімі ретінде сіздердің елдеріңіз – «қос халық үшін екі мемлекет» формуласын ұсынды. Бұл ұстаным Иорданияның позициямен үндеседі. Атап айтқанда, БҰҰ-ның қарарларын сақтауды және аймақтағы бейбіт процесстерге қолдау көрсетуге шақырамыз. Қазақстанның бұл аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз.
Негізі Иордания – Қазақстанның Таяу Шығыстағы сенімді серіктесі. Бүгінде Ұлы Жібек жолының маңызды торабы саналған бұл елмен арадағы сауда байланысы үзілмеген.
Былтыр 11 ай ішінде екіжақты алыс-беріс 4,2%-ке артып, 6 млн долларға жеткен. Оның 3,7 млн-ы қазақстандық экспорт болса, 2,3 млн доллары – импорттық өнімдер. Негізінен Қазақстан корольдіктен тоқыма бұйымдарын, минералды тыңайтқыштар мен тропикалық жеміс-жидектерді сатып алады. Ал Иорданияға ұшу аппараттарын, табиғи бал мен қой етін жөнелтеді. Әлеует бұдан да жоғары. «Әріптестік аясын сан-салада кеңейтуге болады», – дейді жергілікті сарапшылар.
Ауни Әл-Дауд, «Ад-Дустур» газетінің экономикалық жаңалықтар секторының басшысы:
- Әсіресе сауда-саттық, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы өзара байланысты тереңдетуге болады. Екі ел кәсіпкерлері мен инвесторлары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру маңызды. Негізі Қазақстанның экономикалық реформалары мен технологиялық даму үрдістері Иордания бизнес қауымдастығы үшін ерекше қызығушылық тудырады. Міне, осы бағыттарда бірлесе жұмыс атқаруға болады.
Екі ел арасындағы сауда, логистика, цифрландыру және инвестиция саласындағы серіктестікті жаңа деңгейге шығару жоспары ауқымды. Бұл ретте «Астана» халықаралық биржасы жұмыс істеп жатқан Tabadul жүйесіне аммандықтар да қосылды. «Бұл қос мемлекеттің инвесторлары үшін үлкен мүмкіндік береді», – дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров.
Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
- Амман биржасында 220-дан астам компаниялардың акциялары тіркелген. Бір айта кететін жайт, 2000 жылдардың басында бұл өте өтімділігі жоғары биржа болған. Жаңа өздері айтып отыр, «бір күн сауда 100 млн долларға жақын болатын», – дейді. Бұл біздің инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік ашады деп ойлаймын. Өйткені қызықты компаниялар мұнда көп.
Сан саладағы әріптестіктің әлеуетін арттырып, ынтымақтастықты нығайту мақсатында Иордан Хашимит Корольдігіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен арнайы келді.
Айта кету керек, Қазақстан Президентінің Иордан Хашимит Корольдігіне жасаған соңғы сапары 2009 жылы болған. Енді, міне, араға 16 жыл салып қазақ басшысы Таяу Шығыстың қақпасы саналған елге ресми сапармен ат басын тіреді. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамына айналмақ. Ертең Қасым-Жомарт Тоқаев осы маңызды мәселелер қаузалатын жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізетін болады. Басты міндет – ел мүддесіне сай келетін уағдаластықтарға қол жеткізу.
Авторлары: Риат Шони, Асхат Серікұлы, Дулат Ентебеков.