Қазақстан Иорданиямен қарым-қатынасына тың серпін беруді көздейді

Қазақстан Иорданияны достас мемлекет деп санайды.

Екі елді байланыстыратын дүние көп. Иордан Хашимит корольдігіне ресми сапармен барған Президент бүгін Король екінші Абдалламен кездесіп, бірқатар келелі келіссөздер жүргізді. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдің билік басына келгеніне ширек ғасыр толуымен құттықтап, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Жалпы Таяу Шығыстың қақпасы саналған Иордания елімен қай бағытта ынтымақтастықты арттыруға болады?

Риат Шони, тілші:

- Иордания Астанасы Амман қаласындағы әл-Хусейния сарайы – бұл тек корольдік отбасының резиденциясы ғана емес, Иордан халқының тарихы мен мәдениетінің символы. Бұл сарай араб дәстүрлерін заманауи сәулет өнерімен ұштастырған, шығыстық сән-салтанаттың керемет үлгісі болып табылады. Құрылысында мәрмәр, табиғи тас және қолөнер өрнектері секілді сапалы материалдар қолданылған. Иорданияның ең маңызды саяси оқиғалары мен халықаралық кездесулері өтетін орын. Бүгін мұнда Иордан Хашимит Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алады. Бұл тек протоколдық шара ғана емес, сонымен қатар екі ел арасындағы өзара сенім мен стратегиялық серіктестікті көрсететін терең символикалық оқиға.

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иордания еліне жасаған алғашқы ресми сапары. Қазақ басшысына мұнда айрықша құрмет көрстілді. Әл-Хусейния сарайында Президентті Король II Абдалла мен Тақ мұрагері Әл-Хусейн құшақ жая қарсы алды.

Араға 16 жыл салып Иорданияға ат басын бұрған қазақ басшысын король ІІ Абдалла бар сән салтанатымен қарсы алды. Мәртебелі мейманның құрметіне сарай алдында құрмет қараулы сап түзеп, әскери оркестр мемлекеттік әнұранды орындады.

Бұдан соң тараптар делегация мүшелерін таныстырып, шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Иордания Қазақстанның Таяу Шығыстағы сенімді серіктесі. Президент ең алдымен Король екінші Абдалланың билік басына келгеніне ширек ғасыр толуымен құттықтады. Тағы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келе жатқаны үшін Иордания көшбасшысына алғыс айтып, Корольді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл сапарымның мақсаты – біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп.

Арадағы байланыс бүгінде жоғары деңгейде. Қазір біздің елде иордандық капиталы бар 94 компания тіркелген. Соның 60-қа жуығы белсенді жұмыс істеп жатыр. Иордания Королі қазақ басшысының бұл сапары екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін атады.

II Абдалла бен Әл-Хусейн, Иордания Королі:

- Өзіңізді және Сіздің құрметті делегацияңызды Иорданияда қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін экономикалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды.

Келіссөздер барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сынды экономиканың маңызды салаларындағы өзара ынтымақтастық жайын талқылады. Айта кету керек, қос мемлекеттің қазір мәдени-гуманитарлық байланыс да жоғары деңгейде. Бүгінде Қазақстанның медициналық оқу орындарында Иорданияның 300-ге жуық азаматы білім алып жатыр. 

Риат Шони, тілші:

- Иордания ежелгі заманда Рим империясының стратегиялық бекінісі болса, Қазақстан көшпелі өркениеттің жүрегі, Еуразияның қақ ортасындағы алып дала. Екі елдің де жері арқылы керуендер өтіп, әлемді жаулаған тауарлар мен идеялар таралды. Иорданияның әйгілі Петра қаласы мен Қазақстанның Тараз, Отырар сынды шаһарлары – сол сауда мен мәдениет алмасудың жарқын куәсі.

Иордания экономикасының тірегі – Ақаба порты. Қызыл теңіз жағалауында орналасқандықтан, географиялық тұрғыдан аймақтық және халықаралық сауданың маңызды торабына айналған. Бұл теңіз айлағы Азия, Африка және Еуропа арасындағы логистикалық желілерді біріктіріп, жаңа сауда қатынастарын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Тарик Хиджази, Иордания кәсіпкерлер қауымдастығының директоры:

- Иордания экономикасын жаңғыртудың тұжырымдамасына сай Ақабада контейнерлік терминалды дамыту үшін 423 млн доллар қаржы бағытталды. Бұл маңда арнайы экономикалық аймақ құрылған. Яғни, шетелдік инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл Қазақстанның қалталы азаматтарын қызықтырады деген ойдамын.

Иордания Қазақстан экономикасына 20 жылға жуық уақыт аралығында 15,5 млн доллар инвестиция құйған. Ал біздің тараптан корольдікке тартылған қаржы көлемі болса бүгінде 4 млн долларға жетеді.

Иордания географиялық орналасуы мен тарихи рөліне байланысты Қазақстан үшін маңызды стратегиялық сауда серіктесі бола алады. Корольдік арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін Парсы шығанағы елдеріне жеткізу мүмкіндігі бар. Бұл мемлекеттер азық-түлік импортына тәуелді болғандықтан, Қазақстан үшін үлкен экспорттық нарық екені айдан анық.

Риат Шони, Асхат Серікұлы және Дулат Ентебеков