Жер комиссиясының екінші отырысында қандай мәселелер қозғалды?

Ауыл маңындағы жерлер жайылымға берілуі керек. Мал жаюға кедергі болмағаны жөн. Бұл туралы жер комиссиясының екінші отырысында айтылды.

Тағы бір айта кетер жайт, осы агросалада зертхана тапшы.

Қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің шекті ең жоғарғы өлшемін бекіту туралы арнайы қаулы қабылданады. Ал жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөніндегі арнайы заң жобасының бірінші оқылымы Мәжілісте 7 сәуірде өтеді. Қанша рет айтылса да, әлеуметтік желілерде жерге қатысты түрлі алып-қашпа әңгіме тарады. Жиынды ашқан премьер-министрдің орынбасары сөзін осыдан бастады.

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

- Жалған қауесетті әдейі таратушылар да жоқ емес екенін айтуымыз керек. Сондықтан тағы бір нақтылап айтамын, жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөнінде нақты шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам тарапынан көтеріліп отырған негізгі мәселелер бойынша түйінді шешімін айтып, нүктесін қойды. Қазіргі таңда комиссия алдында ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастарын дамыту мәселесі бойынша ұсынымдар әзірлеу міндеті тұр.

Ауыл шаруашылық жерлерінің құнарын бақылау үшін зертханалық базаны дамыту керек. 

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Нақты айтар болсақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының топырақтық-геоботаникалық зертханалар желісін, сондай-ақ ҚР АШМ-нан «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістеме орталығы» мекемесін жер ресурстары саласындағы уәкілетті органға (жер ресурстарын басқару комитетіне) беру керек. Қазіргі уақытта комитеттің өзіне бағынышты ешқандай зертханасы жоқ. Сондықтан екі мекемедегі зертханаларды тікелей жер ресурстары комитетінің немесе жаңадан құрылатын жер ресурстары агенттігінің құзырына беру туралы ұсыныс айтып отырмыз.

Ал ауыл маңындағы жерлер халықтың игілігіне берілуі тиіс. Яғни мал жаюда проблема болмауы керек. Мұны заңгер Бақытжан Базарбек айтты.

Бақытжан Базарбек, заңгер:

- Ауыл шаруашылығындағы жайылымдық жерлердің арнайы радиусын белгілеу керек. Өкінішке қарай, Жер кодексінде де, заңға тәуелді актілерде де радиус туралы жазылмаған. Нәтижесінде ауылдың маңындағы барлық жер шаруа қожалықтарына беріліп тасталған. Сондықтан жер комиссиясының жұмысы аясында Жер кодексінің 109, 110-бабына тиісті өзгерістер енгізіп, нақты радиусты белгілеуіміз керек. Сол радиус аясындағы жерлер қоғамдық жайылым жеріне айналуы тиіс.

Жер реформасы жөніндегі комиссиясының отырысы апта сайын өтеді. Бұл екінші жиын. Енді эпидемиологиялық ахуалға байланысты алдағы уақытта комиссия отырысы онлайн режимде өтуі мүмкін.

Қорған Қонысбайұлы