Коронавирустың қазақстандық түрі пайда болуы мүмкін

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы бұл ақпаратты жоққа шығармайды.

Айтуынша, елде екпе салдыру ісі кенжелеп қалса, қауіпті індет тағы түрленіп кетуі әбден мүмкін. Өйткені коронавирус өзіне жайлы ортада мутацияға ұшырай береді. Кейін оған тіпті қолданыста бар вакциналардың өзі әсер етпей қалуы ықтимал. Сондықтан комитет басшысы бұқараны тағы да екпе салдыруға шақырып отыр.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:

- Коронавирус соңғы екі жылда бірнеше рет мутацияға ұшырады. Адамдар вакцина салдырып, одан қорғанбайтын болса, онда қауіпті індет түрлене береді. Сондықтан қазақстандық штамның пайда болуын жоққа шығармаймыз. Біздің елде екпе салдыру ісі аздап баяулап қалды. Бұған жол беруге болмайды.