Қазақстанда Ресейдің жетекші оқу орындарының филиалдары ашылады

Қазақстанда Ресейдің жетекші оқу орындарының филиалдары ашылады. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жасаған жұмыс сапарында осы бағытта әріптестікті дамыту жайы талқыланды. Қос мемлекет цифрландыру, ғарыш кеңістігін игеру және атом энергетикасы, маман даярлау бойынша келісімдер де жасады.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Осы апта Мәскеу ерекше жылы. Ақпан ортадан аумаса да сынап бағанасы нульден жоғары. Десе де, Кремльге батыс жақтан саяси салқындық сезіледі. Ал көршілес Қазақстан мен Ресей арасында жағымды достық қатынас бұрыннан қалыптасқан. Алыс-беріс пен барыс-келіс пандемия кезінде де тоқтаған жоқ. Былтыр өзара тауар айналым 20 миллиард доллардан асты. Қос мемлекет  сенімді әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті.  Осы мақсатпен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге арнайы келді.

Бұған дейін екі елдің президенттері желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен ТМД елдері басшыларының бейресми самитінде жүздескен еді. Сол жиында Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәскеуге арнайы келуді ұсынды. Міне араға ай салып президенттер Кремльде кездесті.

Қаңтарда Қазақстан қиын күндерді бастан кешті. Қасым-Жомарт Тоқаевты Крмельде күтіп алған Владимир Путин осы жәйтқа тоқталып, Қазақстан басшылығы жағдайды реттеуде маңызды шешімдер қабылдағанын атап өтті. Өз кезегінде Қасым Жомарт Тоқаев мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысқандарға қатысты мұқият тергеу жүріп жатқанын және алғашқы нәтижелер шыққанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мәскеуге шақырғаныңызға алғыс білдіремін. Шын мәнінде бұл Қазақстандағы конституциялық тұрақтылықты шайқауға арналған шабуыл. Оны халықаралық террористер алдын ала жоспарланған. Қазір әрбір жағдай бойынша жеке-жеке тексеру жүріп жатыр. Міндетті түрде кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Қазақстан халықаралық қылмыстық топтық құрбаны болғаны даусыз. Бірақ қазір жағдай тұрақталды. Ресей ұжымдық қауіпсіздік және шарт ұйымына мүше елдердің бірі ретінде қол ұшын созды. Бірақ Қазақстан билігі мен қарулы күштері халыққа берген антына адалдық танытып, маңызды шешімдер қабылдады. Енді келген шығынды қалыпқа келтіру үшін көп күш жұмсау қажет. Сіздің басшылығыңыздың арқасында Қазақстан қазір аяғына нық тұрды. Алдағы уақытта бұрынғыдай экономикалық мүмкіндіктерімізді дамыта түсеміз деген үміттемін.

Бұл жолғы сапардың сауда экономикалық саладан бөлек, мерейтойлық мәні бар. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына отыз жыл толады. Осы аралықта қос тарап әлемге тату көршілік қатынастың жарқын үлгісін көрсетті. Енді ынтымақтастықты одан әрі бекемдеу үшін Қасым Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин жабық есік форматында екі жақты кездесу өткізді. Соның аясында бірнеше маңызды келісімге қол қойылған. Екі жақты кездесуден кейін  Қос президент журналистер алдына шығып бірлескен мәлімдеме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу нақты әрі жемісті болғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда шетелдік инвестицияға салынған кәсіпорындар саны бойынша Ресей көш бастап тұр. Әрбір үшінші кәсіпорын Ресей компанияларының қатысуымен бой көтерген. Ресейлік инвестиция Қазақстан нарығының барлық саласында бар. Бүгін өндірістік кооперацияны дамыту жолдарын бүге-шүгесіне дейін талқылады. Бұған дейін қос мемлекет 13 жобаны аяқтады. Енді жалпы құны 2,6 миллиард  доллар болатын 8 жоба іске асырылып жатыр. Тағы 11 жобаны бастау мәселесі пысықталады.

Қазір Қазақстан өндірісті арттырмаса алға өрлеуі қиын. Жаңа кәсіпорындардар елдің өмірін жақсартуға оң әсер етіп, технологиялық мүмкіндігін арттырады. Мұның үстіне жергілікті жұрт үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Бастысы, заманауи техниканың тілін түсінетін мамандар даярланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін екі елдің цифровизация, ғарыш кеңістігін меңгеру, атом энергетикасы саласында маман дайындау ісін жетілдіруге негіз болатын бірқатар келісімдерге қол қойдық. Инженерлік-техникалық салада жоғары білікті кадр тапшылығын ескеріп,, білім беру саласына ерекше мән берік. Осыған байланыстыҚазақстанда Ресейдің жетекші оқу орындарының филиалдарын ашу және «Болашақ» бағдарламасы бойынша сұраныстағы мамандарды даяарлауға қатысты ұсыныстар ашықпыз.

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақ жастары 27 мемлекеттегі 200-ден астам оқу орнында білім алады. Президент тапсырмасынан соң тізімге Ресейдің тағы төрт техникалық университеті қосылды. Бұған қоса енді Алматыда Мәскеу инженерлік-физика институтының, ал Атырауда Губкин атындағы унивесрситет филиалын ашу жұмыстары басталды.

Талғат Мықтыбаев, доцент, техникалық мамандықтар бойынша кандидат, МҚПУ доценті:

- Рейтингті білесіздер ғой. Көбіне саясат жағынан шешіледі. Ал ғылым жағынан біз көріп тұрмыз. Мен өзім ғалыммын, педагогпын. Сол үшін мен байқаймын да қалай неғылатындары. Мысалы, ядролық физиканы дүние жүзінде оқытатын мекеме жоқ. Тек ғана Ресей. Московский инженерный технический институт. МИФИ дейді баяғы. Ядерный университет. Тек қана ядерный мамандарды оқытатын осы университет. Ал филиалдар ашқан дұрыс. Неге десеңіздер біздің мұғалімдер, біздің педагогтар, біздің ғалымдар өздері үйренеді қалай сабақ беру керек екенін, қандай неге мән беру керек екенін салаға. Қандай мекемені толтыру керек екенін.

Президенттер кездесуде екі ел арасындағы ғана емес, өңірлік және әлемдік саясаттағы өзекті мәселелерді талқылады. Қазір Ресей мен Батыс елдерінің арасында саяси салқындық бар. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әрқашан мемлекеттер арасындағы тұрақты қатынасты қолдайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Күллі адамзаттың болашағы жаһандық ірі ойыншылардың өзара сенімі мен конструктивті диалогына байланысты. Осы орайда ресейлік және батыстық серіктестердің тығырықтан шығар жол іздеп жатқаны құптарлық іс.

Қорытындылай келе мемлекет басшысы Мәскеуге жасаған жұмыс сапары жемісті болғанына тоқталды. Бүгін қол жеткізген келісімдер екі ел арасындағы көп жақты әріптестікті одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

Талғатбек Әбдіқожа, Жандос Битабаров, Дулат Ентебеков ПТР кешенінің көмегімен Мәскеуден