Елордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель кездесті

Мемлекет басшысы елге ресми сапармен келген Еуропалық Кеңестің Президентін Ақордада қарсы алды. Тараптар өзара мүддені көздейтін мәселелерге қатысты екіжақты келіссөз жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан соң елордада Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Еуропалық Кеңес Президентінің кездесуі жоспарланып отыр. Қазақстан мен Еуропалық Одақ 1993 жылы дипломатиялық байланыс орнатты. Қазір ЕО еліміздің негізгі сауда және инвестициялық серіктесі.  Ал Қазақстан – ЕО-ның Орталық Азия аймағындағы ең ірі сауда әріптесі.

Қазақстанның сыртқы саудасының және шетелдік инвестицияның жартысына жуығы осы Одақтың үлесінде. Биылғы қаңтар мен тамыз аралығында біздің ел мен ЕО арасындағы тауар айналымының көлемі 26 миллиард доллардан асты. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 43%-ке көп. 

Айта кету керек, бұған дейін  Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель қыркүйекте Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының алаңында кездескен. Сол кезде қазақ басшысы Еуропалық Кеңестің президентін елге шақырған болатын.