Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының алғашқы саммиті басталады

Ертең Өзбекстанның Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының алғашқы саммиті басталады. Жиын екі күнге жоспарланған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қатысу үшін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10-11 қарашада Самарқанд қаласына жұмыс сапарымен барады.

Жиын барысында мемлекеттер басшылары Ұйым аясындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын қарастырады.

Айта кетейік, бұған дейін Түркі тілдес мемлекеттердің кеңесі деп аталып келген құрылым былтыр Ыстамбұлда өткен саммитте Түркі мемлекеттерінің ұйымына айналған еді.

Бүгінде оған Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстан толық мүше. Түркіменстан мен Венгрия бақылаушы саналады. Бауырлас елдер бірлестігінің басты мақсаты өзара сенім мен қауіпсіздікті сақтап, терроризм, сепаратизм және есірткі бизнесіне қарсы тұрып, жан-жақты қатынасты дамыту. Саммит барысында Мемлекет басшысы қатысушыларымен екіжақты кездесулер өткізеді деп  жоспарланған.