Абай облысында өртпен күрес жалғасып жатыр
Абай облысындағы алапат өртке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегерілді.
Президент шұғыл кеңес өткізу және апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына баруды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы Үкіметке және облыс әкімдігіне нақты тапсырма берді. Опат болған орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барынша көмек көрсетуді тапсырды. Ал Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша өрт кезінде орман шаруашылығының үш қызметкері опат болды. Тағы 11-і іздестіріліп жатыр. Өрт сөндіруге 8 өңірдің құтқарушылары, қорғаныс және экология министрлігінің қызметкерлері, 200-ге жуық техника мен 9 тікұшақ жұмылдырылды. Абай облысындағы табиғи өртке байланысты жедел желі ашылып, төтенше жағдай министрлігі және төтенше жағдай департаменті психологтарының жұмысы ұйымдастырылған.