Астана халықаралық форумынан не ұтамыз?
Франция «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім беретін жоғары оқу орындарын көбейтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Арабтар баламалы қуат көздеріне инвестиция құюға, ал Қытай біздің елде жылу электр орталығын салуға ниетті.
Мұның бәрі Астана форумында айтылды. Халықаралық жиынның екінші күн несімен ерекшеленді?
Қытай Екібастұзда ЖЭС салуы мүмкін
Форумның екінші күні. Іскерлік диалог қыза түсті. Қытай компаниялары елде жылу электр станциясын салғысы келеді. Энергетикалық нысан Екібастұз маңында бой көтеруі мүмкін.
Талғат Темірханов, Қазақстанның Электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы:
- Қытай қызығушылық танытып жатыр. Қытайлықтар негізінен көмір генерациясында біраз алға кетіп қалды. Қытай көмірде көмір генерациясында станцияларды салуға дайын. Олардың технологиясы озық. Олардың «выбросы» аздатып салады.
Арабтар инвестиция салуға мүдделі
БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухеил әл-Мазруи баламалы қуат көзіне басымдық беру керек дейді. Бұл – ел біздің ең ірі серіктес. Арада берік байланыс бар. Сондықтан алдағы уақытта да арабтар жасыл энергетикаға инвестиция салуға құлықты. Қазақстанның бұл тұрғыдағы әлеуетін жоғары бағалайды.
Сухейль әл-Мазруи, БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі:
- Қазақстан географиялық орналасуы тұрғысынан бірегей мүмкіндікке ие. Шығыстағы Қытайды Еуропаға жалғай отырып, солтүстікті оңтүстікпен байланыстыра алады. Бұл – Қазақстанның өзгелерден басым тұсы. Қатер тұрғысынан ой өрбітсек, жаһандағы ресурс қоры азайып барады. Ал елдеріңіздің қазба байлығы, табиғи қоры мол. Осы ретте дүниежүзінде жоғары сұранысқа ие, сирек кездесетін минерал қорымен Қазақстан қалай бөлісе алады, оның ішінде инфрақұрылым мәселесі, тасымал жолдарын қалай ұйымдастыра алады? Міне, Қазақстанның нағыз сыналар тұсы осы деп ойлаймын.
Франция «Болашақпен» оқытатын ЖОО-ны көбейтеді
Энергетикадан гуманитарлық бағытқа. Франция «Болашақпен» білім алуға болатын жоғары оқу орындарының қатарын көбейтеді. Форум аясында еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығы Францияның Қазақстандағы Елшілігімен меморандумға қол қойды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Қазақстан үшін бұл нарықты жоғалтпауымыз керек. Сондықтан Францияда Болашақпен білім алуға болатын жоғары оқу орындарының тізімін кеңейтіп жатырмыз. Қазіргі таңда 6 жоғары оқу орны болса, енді тізімді 12-15-ке дейін ұлғайтуымыз қажет.
Астана халықаралық форумынан не ұтамыз?
Бұл форумды не үшін өткіздік? Шығын емес пе дегендер болып еді. Мұны біз де сұрадық. Сарапшылар іскерлік жиыннан ұтар тұсымыз инвестиция деді. Елге жүздеген саясаткер мен ірі бизнес өкілі келді. Демек мұның артында ақша тұр. Өзіміздің есеп пен мүдде жатыр.
Еркін Тұқымов, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
- Бір қарағанда қыруар бюджет қаражаты жұмсалып жатқан сияқты. Рейс, қонақ үй, кешкі ас. Бірақ соған инвестиция мен дамуға жағдай жасау тұрғысынан қарасақ, онда бұл жиынның пайдасына көз жеткізуге болады. Қазір жұмсалған теңге ертең жаңа жұмыс орындары болып қайтады. Яғни, Астана форумын мүмкіндіктер алаңы деп бағалау керек.
Рено Жирар, Le Figaro француз газетінің шолушысы:
- Батыстың да, шығыстың да адамдары бір жерге жиналып, әңгімелесуі өте маңызды. Өйткені соғыс, тұрақсыздық, санкциялар көпшілікті қажытты. Бұдан, ең алдымен, халық зардап шегеді. Сондықтан мұндай форум болашақта болуы мүмкін әскери қақтығыстардың алдын алуға ықпал етеді. Себебі диалог болған жерде проблеманы шешу жолы да болады.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- 40 шақты панельдік сессия. Шет елдерден 500-ге тарта адам. Астана халықаралық форумы осымен тәмам. Мемлекеттер мен үкімет басшылары, ұйымдар мен алпауыт компания жетекшілері өзара белсенді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты. Қазіргідей қилы кезеңде елдерге тығыз қарым-қатынас пен диалог қажет. Астана халықаралық форумының негізгі миссиясы да – осы. Проблемаларды бірігіп шешудің жолын іздеу.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Наурызбай Құрманғазы.