Өңірлер Абай облысына гуманитарлық жүк жөнелтті

Ел іші тайлы-таяғы қалмай Абай облысына гуманитарлық көмек жинап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарапайым тұрғындар, мекемелер мен кәсіпорындар, бизнес өкілдері қиын жағдайда қалған тұрғындарға керек-жарақтарды әкеліп тапсырып жатыр.

Азық-түлік, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмек, өзге де күнделікті тұтынатын тауарлар тиелген жүк көліктері жолға шықты. Бұл заттар Абай облысына жеткеннен кейін өрт ошағынан қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындарға үлестіріледі.  

Гуманитарлық жүкті қабылдау пункті еліміздің оңтүстік астанасы Алматыда кеше жұмысын бастады. Содан бері көмек қолын созғандар толассыз келіп жатыр. QAMQOR CHARITY қоғамдық қоры қала тұрғындарын көмектен шет қалмауға үндейді. Зардап шеккендер мен өрт сөндіруге атсалысып жатқан жандарға ең керегі қазір қалбырдағы бұзылмайтын азық-түлік, ауызсу, түтіннен қорғайтын бетперде, пауэр бэнк сияқты заттар екен.

Бағдат Анарбаева, қоғамдық қордың төрағасы:

- Қазіргі таңда көптеген тұрғындар, кәсіпкерлер өзінің ниетін білдіріп жатыр, көмектесуге ықпал етіп жатыр. Нақты біз гуманитарлық көмекті сол тізімдердің, тізімдер бойынша жинап жатырмыз. Жалпы айта кететін болсақ, қазіргі таңда осы гуманитарлық көмекті жинау штабы Алматы қаласы волонтерлер фронт офисының негізінде құрылған.

Абай облысындағы орман өртінен зардап шеккендерге Түркістан жұртшылығы да гуманитарлық көмек жинап жатыр. Қолдан келгенше көмек көрсетуге ниеттілер қатарынан шекарашылар да табылды. ҰҚК Шекара қызметі департаментінің жеке құрамы «Біз біргеміз» акциясын ұйымдастырды. Тілсіз жаумен күресіп жатқан тұрғындар мен өрт сөндірушілерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жинағын жіберді. Әскерилер жолдаған көмек қажеттілігіне орай теңдей үлестіріледі.

Дулат Әлдербаев, ҰҚК Шекара қызметі департаменті басқармасының бастығы:

- Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жеке құрамы Абай облысының өрт сөндірушілеріне, орман шаруашылығының ұжымына және тұрғындарына көмек қолын созу аясында азық-түлік пен қажетті дәрі-дәрмектерді жолдаймыз. Құрметті Абай облысының өрт сөндірушілері, біз сіздермен біргеміз!

Қарағандылықтар да сауапты істен сырт қалып жатқан жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Абай өңіріндегі алапат өрттен зардап шеккен тұрғындарға және тілсіз жаумен күресіп жатқан батырларға барынша көмек жөнелтті. Әуелі хабарласып, қандай зат қажет екенін анықтаған. Кейін қаладағы 23 этномәдени бірлестіктің өкілі сол тізім бойынша жүк тиелген көлікті ертең жеткізуі тиіс.  

Гюльага Рзаев, Әзербайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

- Қарағанды облысының Ассамблеясы бүгін біз де бірге болып, өз көмегімізді жасап жатырмыз. Бір газельге керек тауар алып, жинадық. Алла жазса, екінші газельді де толтырамыз. Ең бірінші, шаһид болған адамдардың отбасына денсаулық тілейміз. Қазақстанымыз аман болсын!

Алапат өрттен жан-жануарлар да зардап шегіп жатыр. Қарағандылық жанашыр азаматтар сонымен қатар үй жануарларына көңіл бөліп, қорегін жинап берген.

Павлодардан жөнелтілген гуманитарлық көмекті бір топ волонтер жастар  бастап барады. Жолға шыққан көлік керуеніне 20 мың литр су, азық-түлік, киім-кешек және дәрі-дәрмек тиелген. Жалынды жастар қызыл жалын шарпыған аумақтағы барлық жұмысқа атсалысуға бекінген.

Дәлелхан Кенжебек, С.Торайғыров университетінің студенттер қауымдастығының төрағасы:

- Негізі басында бізге 5 волонтер жеткілікті деген. Бірақ балалардың саны одан да көбейіп, біз 10 студент апарамыз. Адамдар қиналып жатқанда біздің қолымыздан келгенше көмегімізді көрсеткіміз келді. Қолымыздан не келеді, соның барлығын істеуге тырысамыз.

Өртке қарсы күреске Павлодар облысынан сондай-ақ 20 тонна жанар-жағармай жіберіледі. Ал жергілікті жоғары оқу орындары орны толмас қайғыға ұшыраған орманшылар отбасының балаларына арнап 15 оқу  грантын бөлді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат аймақ тілшілерінің көмегімен.