Білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды

Мемлекеттік білім грантының иегерлері белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тізім ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтында жарияланды. Биыл мемлекеттен 88 мың білім гранты бөлінген. Тағайындау конкурсына қатысуға 94 мың талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық.

Байқау қорытындысына сәйкес ең жоғары сұраныс «Стоматология» мамандығына болған. Бұл мамандық бойынша бір орынға 22 талапкер таласты. Әрі қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» – 14 адам. Құқық – 11 адам. «Музыка», «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» және «Психология» 10 адамнан іріктеуге түскен.

Үміткерлердің арасында 20 мыңға жуығы – «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оқу озаттары.