Тоқаев Екібастұз қаласына барды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды.
Мемлекет басшысы онда алдымен Екібастұз қаласында болып, жергілікті жылу-электр орталығының жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған нысан 1956 жылы салынған. Содан бері ол жөні түзу жөндеу көрмепті. Өткен қыста қалада құбырлар жарылып, тұрғындар жылусыз қалған болатын. Қазір орталықтағы 10 қазандықтың барлығы жөнделіп жатыр. Олардың екеуіне ағымдағы, қалғандарына күрделі жөндеу жасалады. Қалыпқа келтіру жұмыстары күндіз-түні жүргізіліп жатыр. Әзірлік шамамен 60 процент. Мердігер компания күзге дейін үлгереміз, дейді. Президент жағдай бақылауда болатынын және жауаптыларға жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
«Өткен қыста болған жағдай қайталанбауы керек. Азаматтарымыз шыдамдылық, сабырлық танытып отыр. Бірақ оның да шегі бар. Сондықтан әкімдерге осындай тапсырма берілді. Тиісті қаражат бөлініп жатыр. Жоспарлардың бәрін міндетті түрде іске асыру керек».