Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам президенті Во Ван Тхыонгпен келіссөз жүргізді
Биыл 6 ай ішінде Қазақстан мен Вьетнам арасындағы өзара сауда-саттық 600 миллион долларға жетті.
Жыл соңына дейін бұл маңызды көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде екі ел Президенттерінің келіссөзі барысында айтылды. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Во Ван Тхыонг сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады. Қазақ басшысы қонақжайлық көрсеткені үшін өзінің вьетнамдық әріптесіне алғыс айтып, осы сапарға баса мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ Президент бүгінгі келіссөздер екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдіріп, Во Ван Тхыонгты Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Өз кезегінде Вьетнам басшысы қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты жандандыру ісін жоғары бағалап, екі елдің серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Тағы ұлт-азаттық күрес пен мемлекеттің бірігуіне және қазіргі дамуына қазақ халқының көрсеткен жәрдемін ешқашан ұмытпайтындығын айтып, алғыс білдірді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары аясында бас-аяғы 12 маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, екі ел Үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспары, транспортық-логистикалық инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастық және «Хабар» Агенттігі» мен Vietnam Televesion арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бекітілді.