Қазақстан мен Албания президенттері кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді
Тараптар сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән бере отырып, Қазақстан мен Албания арасындағы серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайту үшін зор мүмкіндік пен әлеует бар екеніне назар аударды.
– Біз Албанияны Балқан түбегіндегі өте маңызды серіктес ел ретінде қарастырамыз. Бұл кездесу – өзара тиімді ынтымақтастығымызды нығайту үшін нақты нәтижеге қол жеткізу тұрғысынан алғанда шешуші сәт. Қазақстан мен Албанияны көптеген ортақ дүние байланыстырады. Біздің елдерімізде көптеген ұлт пен дін өкілдері мекен етеді. Сонымен қатар екі ел халқының да басым көпшілігі – мұсылмандар. БҰҰ, ЕҚЫҰ және ИЫҰ секілді ірі халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығымыз бен байланыстарымызды нығайту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Астана мен Тирана арасында тікелей әуе қатынастарын орнату қажет екенін айтты.
– Туризм, көлік, энергетика және басқа да салалардағы мүмкіндіктер туралы айта келе, астаналарымыз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыру қажет. Қазақстан өзара ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін тағы да атап өткім келеді. Біз нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.