Президент Аралды құтқару жөніндегі кеңестің кезекті отырысына қатысты

Ақорда

Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қордың құрылғанына биыл 30 жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылды? Ұйымның болашағы не болмақ? Ал ең бастысы ол Арал теңізінің тағдырына қалай әсер етіп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарды бүгін Тәжікстанда Орталық Азия елдерінің басшылары Аралды құтқару жөніндегі кеңестің кезекті отырысында талқылады.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Душанбеде кешелі бері көтеріліп жатқан тақырыптардың қай-қайсы болса да маңызды. Алайда Аралдың жөні бөлек. Себебі оның тартылуы аймақтың ғана емес, әлемнің экологиялық проблемасына айналғалы қашан. Орталық Азия елдерінің басшылары бұл мәселені жыл сайын болмаса да, 3 жылда бір жиналып, осылай талқылап отырады.

Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қорға соңғы 3 жыл қатарынан Тәжікстан төрағалық етті. Тәжік басшысы Эмомали Рахмонның сөзінше, осы уақыт ішінде ұйымға 655 млн доллар инвестиция тартылып, ол Біріккен Ұлттар Ұйымына бақылаушы ретінде тіркелді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жетістіктер үшін әріптесіне алғыс білдіріп, қор жұмысын жандандыруға сеп болатын жаңа бағыттарды атады. Ең алдымен ұйымнның құқықтық базасын тездетіп жетілдіру маңызды. Одан қалды оны ары-бері көшіре бермей, бір елге орналастыру туралы ұсыныс айтты. Мәселен, Қазақстан тарапы тұрақты төраға болуға дайын. Бұл атқарылған істердің тиімділігін арттырып, оны жүйелеу үшін қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу керек. Бұл бастаманың жүзеге асырылуы аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдерімен арадағы диалогты және достықты нығайтуға ықпал етеді. Біздің бұл кездесуіміз су саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін шешімдерді уақытылы және бірлесе қабылдауға мүмкіндік береді деп сенемін.

Президенттің тағы бір ұсынысы – Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақмерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру. Оны Халықаралық су-энергетика концорциумы атқара алар еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сонымен қатар біз суды тиімсіз пайдалану және экологиялық зардаптарды елемеу проблемаларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Біздің өңірдегі Сырдария мен Әмудария секілді 2 негізгі өзен арнасының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше километрге жететін 80-нен астам су қоймасы салынған. Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проблемалар ушығады деген болжам бар. Мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді.

Тағы бір маңызды бастаманың бірі – Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру. Бұл қадам климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін пәрменді шаралар әзірлеуге мүмкіндік бермек. Ал ең бастысы әрі қарапайымы – суды үнемдей білу. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өз Жолдауында да айтты. Ол үшін дамыған технологияның көмегіне сүйенбей болмайды.

Султон Рахимзода, Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың атқарушы комитеті төрағасы:

- Егер Орталық Азия елдеріне қарайтын болсақ, біз қазір бір гектер жерге 15 мың текше метрге дейін су пайдаланамыз. Алайда әлемде бұл көрсеткіш 2 есе төмен. Ал су үнемдеу технологиясын қолданатын елдерде ол 5 мың текше метрден аспайды.

Аралдың жартысы Өзбекстанға тиесілі болғандықтан, олар да теңіздің тағдырына алаңдаулы. Шавкат Мирзиеевтің сөзінше, соңғы жылдары Аралдың құрғап қалған 1,5 млн гектар астам табанына ағаш отырғызылған. Дәл мұндай жұмыстар Қызылорда облысында да жүргізіліп жатыр. Алайда Арал апатының салдарымен ғана күреспей, себебін анықтап, суын молайтудың қамын жасау қажет.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Аталған қорға 2024 жылдан бастап Қазақстан тарапы төрағалық етеді. Ал 2026 жылы Аралды құтқару жөніндегі кеңестің кезекті отырысы біздің елде ұйымдастырылады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев, ПТРК көмегімен.